Ақталмаған Алаш арысы көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақталмаған Алаш арысы көп

31.05.2023

Қасақана жала жабылып, жазықсыз атылған саяси-қуғын сүргіннің құрбаны болған Алаш арыстарын ақтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бүгін Алматыда зиялылардың ұрпақтары мен ғалымдар және осы зұлмат заманның зардабын көргендерді толық ақтау жөніндегі комиссия мүшелері жиналды. Бәрінің де ойы бір жерден шығып отыр. Ол - тарихтың ащы беті - қиянат көргендердің тізімі түгел белгілі болғанда қайта ашылады дейді.

Қазақ қаймақтарын қынадай қырған қатыгез Кеңес үкіметінің келтірген қиянаты әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. Қолда бар деректе Қазақстанда 100 мыңнан астам адамның қуғын-сүргінге ұшырағаны, 25 мың адамның ату жазасына кесілгені белгілі. Бірақ, зерттеушілер зұлмат заманға үңілген сайын зынданға түскендердің саны бұдан да көп екеніне сенімді.

Гүлсара Қобланова, Сұлтанбек Қожановтың жиен немересі:

Менің әкемнің өзі Өтегенов Смайыл 1924 жылы Ташкенттегі Ағарту институтын бітірген. Бірақ сол Сұлтанбек Қожановтың күйеу баласы ретінде өмір бойы 48 жыл ауылда орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім болған. Басқа да 37 жылы атылып, осы күнге дейін ақталмай жүрген адамдардың бәрін ақтау керек.

Ақталғандарға қарағанда әлі «халық жауы» деген қара таңбадан арылмаған Алаш зиялылары көп. Соның бірі - алашордашы, әскери кеңестің мүшесі- Сәлімгерей Қаратілеуов.

Зерттеушілер Қаратілеуовке жала жабылғаны тергеу материалдарында анық жазылғанын айтады.

Еркін Ермұқанов, Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі:

Бұл өзінің тергеу материалдарында айтады. Ешқандай лаңкестік әрекеттерге бармағанын айтады. Сосын бұл кісіні Мұстафа Шоқаймен байланыстрады. Шын мәнінде байланыстартын ешқандай да қисыны жоқ. Сонымен қатыр, Амангелді өліміне де қатысты байланыстырады. Қаратілеуовтің Амангелді өліміне де ешқандай қатысты жоқ. Айыптарды барлығы алынып, арыстарымыз ақталады деп ойлаймын.

Иә, Сәлімгерей Қаратілеуовтей аяусыз атылғандарды түгіндеу үшін 3 жыл бұрын саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған еді. Ғалымдар жұмыс жақын күндері аяқтала қоймайды дейді. Өйткені, еліміздегі мұрағаттан бөлек, Алаш арыстарына қатысты деректер Мәскеу архивтерінде де аз емес әрі ол материалдарға қол жеткізу оңай болмай тұрғанын айтады.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу