Басты Жаңалықтар Түркістанда атбегі көкпарға салатын сәйгүліктердің санын көбейтіп жатыр

Түркістанда атбегі көкпарға салатын сәйгүліктердің санын көбейтіп жатыр

Көкпар-шабандоз шыңдалатын, ал сәйгүлік сыналатын дода. Білекті жігіттер қиқулап тартысқанда шашасына шаң жұқтырмайтын тұлпар ғана шыдас береді дейді түркістандық атбегі Ыхтияр Бахтиярұлы. Шоқтығы биік, омыраулы мына сүлік қара көкпарда еш сүрінген емес. Талай салымда топ жарған. Жасы сегізде. Иесі оны Польшадан арнайы алдыртыпты. Көкпарға шабатын атқа ерекше бап керек. Бастысы, жануар тұрықты, қайратты, кең тынысты болғаны абзал. Додаға түскен кезде ақыл-айла қажет-дейді атбегі Ыхтияр Бақтиярұлы. Яғни шабандоз бен сәйгүлік қатар сыналар кез осы. Иесінің ойын тақымдағанынан сезер жануар көкпарларда өзгелерге дес бермейді.

Ыхтияр Бахтиярұлы, атбегі:

Аттың бұл бағы мен бабы сай келсе атың сонда шабады ғой. Бабына да байланысты аттың өзінің. Көңіл күйіне де байланысты. Аттардың өзінің мінезі бар. Мысалы үшін мына Асторы деген атқа тек қана мінер жағынан бармасаң, екінші жағынан жақындатпайды. Мына Барон деген атымыз да осындай. Мінездері жеңілдеу.

Жүйріктерді баптауға шабандоздар да атсалысады. Додаға түсер алдында көкке тек аунатып алу үшін ғана шығарады. Жаймайды. Сүр шөппен ғана баптайды. Терін алып, таң асырып отырады

Бекжан Шалабаев, шабандоз:

Көкпарда салым салу оңай емес. Мысалы додаға түскеннен кейін ол күрес емес, басқа емес, оның ішінде соқ соқ қатты болады. Атқа көкпар тигеннен кейін оны үйретесің жас кезінен. Мысалы мына атта үйретіп жатқанымызға екі жыл болды. Қазір уже көкпарды түсініп қалды. Көпар денесіне тигеннен кейін өзінің жолын тауып кетеді.

Ыхтияр Бахтиярұлының аттарын сатып алғысы келетіндер көп. Бабы келіскен тұлпардың бағасы да арзан емес. Жүз мың долларға сұрап келгендерге де қимадым дейді иесі. Мақсаты көкпарға салар сәйгүліктерді көбейте беру. Себебі көкпар бүгінде елдің даңқын шығарар ұлттық спорт түріне айналған.

Айнұр Әбілқасымқызы

Бөлісу