Әдетте шетелдік инвесторларды еліміздің мұнай-газ саласы қызықтырады. Соңғы бес жылда шетелден 3,4 трлн теңге инвестиция тартылған. Алайда осы күнге дейін құрылыс материалдарының 90 пайызы сырттан әкелінеді. Бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, салық жеңілдетілгеніне қарамастан, азық-түлік тауарларының 56 пайызын импорттап отырмыз. Қазақстанның инвестициялық әлеуеті артқанымен, экономикаға қосқан үлесі - шамалы. Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Үкімет сағатында осылай деді.
Ольга Перепечина, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:
Мәселен, ең көп инвестиция - тау-кен өнеркәсібіне тартылды. 12,1 млрд АҚШ доллары. Ал өңдеу өнеркәсібіне шетелдіктер 5,6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған. Осыған қарап, инвесторларды Қазақстанда шикізат өндіруден басқа сала қызықтырмайтынын байқауға болады.
Мұнай-газ саласына қызығушылық көп екенін Ұлттық экономика министрі де жасырмайды. Әлібек Қуантыровтың сөзінше, былтыр шетелден 28 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Бұл - соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Сондай-ақ, ел экономикасы былтыр 3,2 пайызға, сыртқы сауда айналымы 32 пайызға өсті деп есеп берді.
Айя Мүтәлі