Ұлытау облысының орталығы Жезқазғанға келген мамандар үшін бастапқыда кемі 1 мың пәтер қажет. Осыған байланысты қазір мысты шаһарда бірнеше тұрғын үй құрылысы басталып кетті. Жеке облыс болып құрылғанша мұнда жаңа үйлер салу тым баяу еді. Ал биыл баспана кезегінде тұрған 90 отбасы қоныс тойын тойлайды. Тішіміз Руслан Нұрланұлы сол өңірден.
Жезқазғанда қазір пәтер кезегінде 2700-ге жуық отбасы тұр. Қала облыс орталығы болып қайта құрылғалы баспанаға сұраныс артқан. Баға негізсіз шарықтамас үшін жаңа үйлердің көптеп салынуы маңызды. Алайда құрылысшылардың бас ауыртар басты мәселесі - қажетті мамандардың жетіспеуі.
Жанболат Жаппаров, құрылыс учаскесінің басшысы:
Шақыртып жатырмыз мамандарды. Қазір ИТР дейді ғой, инженерлік-техникалық құрам толық емес. Астанадан, Қарағанды, Қызылорда, Шымкенттен. Бұл жақта жас мамандарды үйретудеміз.
Соңғы 2 жылда қалада үй кезегіндегілерге 340 пәтер ғана тапсырылған. Бұл басқа өңірлермен салыстырғанда тым аз. Биыл қалада 90 пәтер беріледі. Оның 60-ы жалдамалы, қалғаны банктер арқылы сатылады. Тағы да көпқабатты төрт үй салу жоспарда бар.
Экономикасы бір өндіріске тәуелді өңірді түлету үшін түрлі сала мамандарын тарту қажет. Ал оларға бірінші кезекте баспана қажет. Басқасын айтапағанда мемлекеттік қызметкерлер үшін бастапқы сан бойынша 1 мыңдай пәтер керек. Оларға биылдан 11 үйдің құрылысы басталады.
Әлімжан Сәлімжанұлы, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Жалпы 11 үй 972 пәтер әзірге жетеді деген ой бар. Әлде де басқа бағдарламалар бойынша қарастырамыз жыл сайын. Басқа облыстармен салыстырғанда, әрине, біз баяу басып келе жатырмыз. Енді-енді қалпына келеді деп ойлаймын.
Облысқа қарасты аудандар мен қалаларда да тұрғын үй қарқын алуы тиіс. Мысалға Ұлытауда қазір 2 үй салынып жатыр. Тағы 42 пәтерлі үйдің құрылысы жоспарда.
Руслан Нұрланұлы