Азаматтардың жекелеген топтары мемлекеттен баспана ала алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азаматтардың жекелеген топтары мемлекеттен баспана ала алады

27.05.2023

Азаматтардың жекелеген топтары тұрғын үй кезегіне тұрып, мемлекеттен баспана ала алады. Ол үшін әкімдікке кезекке тұру қажет. Үйлі болғысы келгендерге қойылатын бірқатар талап бар. Өтінішті кімдер, қалай бере алады?

Асылбек Данияр, тілші:

Мемлекеттен берілетін баспанаға соғыс ардагерлері, жетiм, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы: «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен «Батыр ана», сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналар, мемлекеттік, бюджеттік ұйым, әскери қызметкерлер, ғарышкерлікке үміткерлер және баспанасы апатты жағдайда деп танылған азаматтар өтініш бере алады. Талапқа сәйкес, бұл санаттағы азаматтардың соңғы бір жылда орташа айлық кірісі жан басына шаққанда 125 758 теңгеден аспауы керек. Бұл жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және мүгедек балаларға қолданылмайды.

Азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж деп тану үшін бірнеше талап бар. Меншiк құқығында тұрғын үйі болмауы керек. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерде тұрмауы тиіс. Жапсарлас тұрғын үйде екi және одан да көп отбасы тұрып жатса, жанұя құрамында созылмалы сырқаттың ауыр түрiне шалдыққан науқас болса тұрғын үйге мұқтаж деп танылады.

Мемлекеттен берілетін баспана адам басына есептегенде 15 шаршы метрден кем болмауы керек. Отбасында жүктілік мерзімі 22 аптадан асқан адам болса, пәтердің ауданы ұлғайтылуы мүмкін.

Құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» немесе «Электрондық үкімет» порталы арқылы тапсыра аласыздар. Құжаттар тізімі мынадай: тұрғын үй комиссиясы төрағасының атына өтініш, өзінің және отбасы мүшелерінің жеке куәліктерінің көшірмесі, неке куәлігінің көшірмесі, еңбек кітапшасы, жанұясында әлеуметтік осал топқа жататынын адам болса соны растайтын анықтама және соңғы 1 жылдағы отбасы табысы туралы қосымша мәліметтер. Жұмыс істейтін азаматтар жұмыс орнынан анықтама алуы керек.

Құжаттарды тапсырғаннан кейін 30 күн ішінде үміткерге өтініштің расталғаны немесе расталмағаны туралы хабарлама келеді. Егер құжаттарды онлайн тапсырса, хабарлама азаматтың жеке кабинетіне келеді.

Тұрғын үй кезегін Egov.kz порталында онлайн бақылауға болады. Сондай-ақ, әкімдік жыл сайын баспанаға кезекке тұрғандардың тізімін жаңартып отырады. Сондықтан, жауапты мекемемен байланысып отырған жөн. Қысқа-нұсқа осы, ұсынған дерегіміз қажетіңізге жарасын.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу