Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барды. Сиань қаласында бүгін мемлекеттік сапар басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев басқа да маңызды кездесулерге қатысады.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Президенттің Қытайдағы жұмыс кестесі өте тығыз. 3 күнде бірқатар маңызды келіссөздер жүргізеді. Бірер сағат бұрын Сиань әуежайында қытай тарапы Қасым-Жомарт Тоқаевты жоғары деңгейде қарсы алды. Мемлекет басшысының Қытайға пандемиядан кейінгі бұл алғашқы сапары. Оның үстіне мемлекеттік. Яғни саясаттағы ең жоғары деңгей. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді. Онда екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, сауда және экономика саларынан бастап, көп бағытты қамтитын мәселелер қаралмақ.
Ал ертең Қытайдың ірі компания басшыларымен кездеседі. Тағы бірнешеуіне тоқталып өтейін. Осы Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығы ашу қарастырылып жатыр. Президент соның іргетасын қалау рәсіміне барады. Ал 19-мамырда «Орталық Азия Қытай» саммиті өтеді. Маңызды жиынға 5 елдің Мемлекет басшылары қатысады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Сиань қаласындағы Бас консулдығының ашылу рәсіміне қатысады деп жоспарланып отыр.
Асима Нұрбайқызы