Қызылорда облысындағы Арал ауданының әлеуметтік экономикалық әлеуетін жақсартуға биыл ерекше көңіл бөлініп отыр. Тұрғындардың талап тілегімен осы жылы бірқатар ауқымды жобалар қаржылай қолдау тапты. Соның бірі - Арал қаласындағы темір жол үстімен өтетін көпір құрылысы.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Арал қаласын екіге бөлетін теміржол тұрғындардың емін-еркін жүріп тұруына кедергі. Пойыз өтсе өткел жабылып, мына жерде ұзын-сонар көлік кептелісі қалыптасады. Жергілікті жұрттың ұзақ жыл көтерген мәселесі биыл шешімін тауып, аспалы көпір құрылысы басталатын болды.
Аудан орталығында бүгінде 40 мыңға жуық халық тұрады. Тұрғындар шойын жолдың екі бетінде қоныс тепкен. Жалғыз өткел көлік қатынасына қиындық тудырып келеді. Теміржол үстінен жаңа көпір түсетінін естіген аралдықтар бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдауда.
Сағидулла Дәулетов, ауыл тұрғыны:
Арал көлеміндегі халқымның тілегі еді бұл көптен армандап жүрген арманы. Енді орындалайын деп тұр. Бұны тездетіп халықтың игілігіне ұсынса деп ойлаймын.
Жалпы көпір құрылысына үш миллиард теңгеден астам қаржы қаралған. Жоба бойынша автожол және екі қапталынан жаяу жүргіншілер жолағы мен жарық шамдары түседі. Ал ұзындығы 940 метрді құрайды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
Міне бүгін құрылысы басталып, келесі жылы сіздердің игіліктеріңізге пайдалануға берілетін болады. Арал ауданын дамытуға өткен жылы 12 млрд теңге қаражат бөлінсе, биыл ол екі есе өсіп жатыр.
Аралдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру бүгінде басты назарда. Ауданда төрт тіректі елді мекен болса, «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында тағы үш ауыл мемлекеттік бағдарламаға енгізілмек. Сондай ақ осы күні облыс әкімі мен құқық қорғау органдарының басшылары қоғамдық қабылдау өткізіп, жүзге жуық тұрғынның талап тілегін тыңдады.
Әділбек Серікұлы