Қытайда жергілікті өнерпаздар Абай әндерін орындап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайда жергілікті өнерпаздар Абай әндерін орындап жүр

16.05.2023

Қытайда жергілікті өнерпаздар Абай әндерін орындап жүр. Сиань қаласының орталығында «Көзімнің қарасы» шырқалды. Жалпы бұл қандай шаһар?

Сиань – жер шарындағы ежелгі қалалардың бірі. Қытай өркениетінің бесігі деседі көпшілік. Бекер емес. Көне шаһардан кезінде Ұлы жібек жолы бастау алған. Осы жерден Оңтүстік-Шығыс Азияға, Орта Азияға, Жерорта теңізіне саудагерлер ағылды. Тауарлармен қатар, түрлі өнер де тоғысты. Әлем елдерінің сәулеті, мәдениеті алмасты. Оның үстіне Сиань 1100 жыл бойы аспан асты елінің бас қаласы болды. Қазір мәдени астанасы.

Қытай халқы шәй өндіруді ерекше өнер санайды. Әрі олар үшін аса маңызды сусын. 19 ғасырдың ортасына дейін дүние жүзіне шәйді Қытай ғана сатып келді. Қазір де өндіру сырын құпия ұстауға тырысады. Оны ұсыну, нарыққа сату рәсімі арқылы туристерді тартып отыр.

Чжан Сиао, «Шәй қалашығының» қызметкері:

Қытайға келген адам ең бірінші шәйін ішіп көру керек. Ең ерекше шәй біздің елде.

Сиань экономикалық жағынан да тез дамып жатқан қала. Қазақстанмен байланысы соңғы жылдары қарқын алып келеді. Бірнеше бірлескен жобалар қолға алынған.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Қазақ пен қытай байланысының негізгі драйвері осы сауда-саттық. Былтыр тауар айналымы рекорд көрсетті. 24 млрд доллар. Дегенмен екі ел саудадан бұрын достықты нығайтуға ниетті.

Жергілікті халық қазақ ән-күйінен хабардар. Абайдың «Көзімнің қарасын» өнерпаздар орындап жүр.

Сианьда мұсылмандар мешіті бар. Тарихи орын. Қытайдағы ең ірі төрт мешіттің бірі. Қытай халқы бұл діни орынға аса құрметпен қарайды. Мемлекеттің арнайы қорғауында әрі мәдени ескерткіштер тізіміне енген.

Осыдан жарты ғасыр бұрын Сианьда әлемнің сегізінші кереметі табылды. Атақты терракот әскері. Цинь Шихуанди императорының және қытай жауынгерлерінің 8000-нан аса мүсінін көру үшін жер шарынан млндаған турист ағылады. Осылайша, Сиань талай тарихты қойнауына бүккен әрі заманауи үлгіде қатар дамып келе жатқан қала. Мұнда тарихи ғимараттарды бұзып, жаңасын тұрғызуға қатаң тыйым салынған.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу