Батыс Қазақстан облысында киік төлдеп, лағын өргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында киік төлдеп, лағын өргізді

15.05.2023

Батыс Қазақстан облысында киік төлдеп, лағын өргізді. Күні бүгінге дейін ақбөкендердің 90 пайызы төлдеген. Киік қорғаушылармен қатар ғалымдар да дала кезіп, жабайы жануардың көбеюін зерттеп жүр. Әріптесім Ардақ Мұратқызы табиғаттың ерекше құбылысы - құралайдың аяқтануын көріп қайтты.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Қазір күн суық. Дала жаңбыр. Осы кезді жұрт «Құралай салқыны» деп атайды. Менің қолымдағы киіктің төліне табиғаттың өзі септеседі. Жаңбыр суы денесін жуып, желге кеуіп, бір сағатқа жетпей шауып кетеді. Казталов пен Жәнібек аудандарының шекаралас тұсында жөңкілген киік топ-топ болып төлдеп, үйірімен жайылып жүр. Шеті мен шегі жоқтай көрінеді. Былтырғы ресми саны 800 мыңнан асса, биыл бөкен басы 2 млнға жетуі мүмкін дейді мамандар.

Айкөркем Қайранова, «Бөкей ордасы» мемлекеттік табиғи резерватының бөлім басшысы:

Қазір аса көп шығын жоқ. Бәрі жақсы төлдеп жатыр. Біз қазір төлдеп жатқан жерге дәл келдік. Киіктің өлімі байқалмайды.

Алёна Кошкина, Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері:

Біз киіктің төлдеген жерлерін белгілеп, картаға енгіземіз. Жайылымның, суаттардың жай-күйін бағалаймыз, зерттейміз. Басқа да жан-жануардың, жәндіктердің, құстардың санағын жүргіземіз.

Қазір киік облыстың төрт ауданын қамтитын 1,7 млн гектар аумағында көшіп-қонып мекендейді. Резерват мамандарымен бірге «Охотзоопром» қорықшылары да киікті күзетеді.

Ерсін Ақжанов, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК БҚО филиалының инспекторы:

Сәуір айының аяғында басталып, қазір төлдеу маусымы біте келді. Киік көбінесе егізден төлдейді. Сосын біреуі төлдеп кете береді, кейін кез келген басқа киік сол төлді емізіп жүре береді. Ертеректе браконьерлер көп болды, қазір тыныш, басылды.

Күзет пен заңның күшейтілгеніне қарамастан, киік атып, мүйізін сату тыйылмай тұр. Жыл басынан бері облыста 15 қылмыстық іс тіркеліп, 3500-ден астам мүйіз тәркіленген. Ақбөкенді атуға 2024 жылға дейін мораторий жарияланып, тыйым салынды.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу