Самокатты жалға беруші компаниялар ел нарығынан кетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Самокатты жалға беруші компаниялар ел нарығынан кетуі мүмкін

15.05.2023

Жаңа заңның кесірінен бизнесіміз құрдымға кетуі мүмкін. Осылай деген отандық кикшеринг компаниялар алаңдаулы. Былтыр бұл қызметті 7 млн-нан астам адам қолданған. Ал биыл бұл көрсеткіш бірнеше есеге төмендеуі мүмкін. Өйткені жаңа заң жобасына сәйкес енді электросамокатпен жүру жылдамдығы шектеліп, оны тізгіндеген адамнан жүргізуші куәлігі талап етілмек. Кәсіпкерлер ІІМ мен Мәжіліс депутаттарына өз талаптарын қойып отыр. Электросамокат - кептелістен көз ашпайтын ірі қалаларда таптырмас көлік құралы. Енді олар да автомобильдер санатына жатқызылып, жүру ережесі өзгермек. Мәселен, жылдамдығын веложолақтар мен жол жиегінде сағатына 25 шақырымға дейін үдетуге рұқсат етілсе, жолаушылар жолағында сағатына 6 км-дан асыруға қатаң тыйым салынбақ.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Сағатына 6 шақырым жылдамдық деген осындай болады. Көріп тұрғандарыңыздай жаяу жүргіншілердің қарқыны басымырақ. Сондықтан артық ақша жұмсамай, жаяу жүрген дұрыс дейді тұрғындар. Ал, кәсіпкерлер болса бұл сұраныстың күрт төмендеуіне алып келуі мүмкін деп дабыл қағып отыр.

Осы мәселені талқылау үшін Алматыда құзырлы органдар мен кикшеринг компаниялардың басшылары бас қосты. Кәсіпкерлік палатасы өкілдерінің айтуынша, транспорттың бұл түрі қай жағынан алып қарасаң да тиімді.

Әуез Тайымбетов, қалалық кәсіпкерлер палатасының төрағасы:

4 компания бар. 4 компанияның паркі 15 мыңдай паркі бар кикшеринг бойынша. Алдыңғы жылы 7 млн адам қолданған. Метродан да танымал болып тұр былайша айтқанда. Ал енді салық жағынан үлкен табыстар беріп жатыр. 1500 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Жаңа заң жобасын өткен апта Мәжіліс депутаттары мақұлдады. Жиынға қатысқан ПД өкілдерінің сөзінше, бұл жолдағы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында жасалып отыр. Өйткені Алматыда қазір мопедтер мен самокаттар көбейіп, жол қозғалысы күрделене түскен. Ал самокатты жалға беретін кәсіпкерлер мен экологиялық көлік қауымдастығының өкілдері электросамокат ең қауіпсіз дейді. Осы тұста ресми статистикаға тоқталсақ. 2022 жылы бір ғана Алматы қаласының өзінде автомоблильдердің қатысуымен 3326 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал, мопедтердің қатысуымен 747, велосипед тізгіндегендер 98 рет жол жүру ережесін бұзса, электросамокаттардың қатысуымен 41 жол-көлік оқиғасы болған. Кикшеринг компаниялардың өкілдері самокатпен жүру жылдамдығын тым төмендету ақылға қонымсыз дейді. Өйткені жүру ақысы минутпен есептеледі. Одан қалды оларға каска киюді міндеттеу мен жүргізуші куәлігін талап ету аталған саланың тамырына түбегейлі балта шабуы мүмкін.

Талғат Рахымғалиев, JET кикшеринг компаниясының алматы қаласы бойынша директоры:

Самокат қолданушылары 6 км жылдамдықпен жүргісі келмегендіктен олардың саны азаяды. Жылдам жүру үшін жол жол бойынша шығу керек шыққан кезде жол-көлік оқиғасы саны көбейіп, клиенттер саны азайып кетуі мүмкін. 03:24 Былтыр 30 мың адам тасымалдасақ. Биыл 33-35 мың адам тасымалдап жатырмыз. Егер біз Қазақстаннан кететін болсақ осы 30 мың адам қайтадан таксиге отырады немесе жаяу жүруіне тура келеді.

Самокатты жалға беруші компания өкілдері ІІМ мен Мәжіліс депутаттарынан жолаушылар жолағындағы жылдамдықты сағатына 15 шақырым қылып бекітуді және самокатшыларға автожолға шығуға мүлде тыйым салуды ұсынып отыр. Талаптары орындалмаған жағдайда ел нарығынан кетуге мәжбүрміз дейді олар.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу