Премьер-Министр Әлихан Смайылов Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Қоладан құйылған мүсін Астанадағы саябақтардың бірінде орналасқан. Үкімет басшысы пулеметші қыздың ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетті. Мәншүк Мәметова Медициналық институтта оқыды. Соғыс майданына 1942 жылы тамызда өз еркімен аттанған. 21-ші атқыштар дивизиясы мен 100-ші атқыштар бригадасының құрамында соғысқан. Мәншүк Мәметова 1943 жылы майданда ерлікпен қаза тапты. Қазақ қызына сол жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев екі мәрте Кеңес Одағы Батыры атағын алған ұшқыш, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне арнайы барды. Сенат спикері қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, Жеңіс күнінің мәні мен маңызын атап өтті. «Бұл мейрам – асқақ рух пен ерен ерліктің символы. Майдан даласында жанқиярлық танытқан аталарымыз бен әкелеріміздің қайсарлығы ешқашан ұмытылмайды, - деді.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мәжіліс депутаттары және қоғам белсенділерімен бірге, Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткішіне тағзым етті. Жауынгердің ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алды. Лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов осыдан 78 жыл бұрын Рейхстагқа бірінші жетіп, жеңіс туын тіккен. Тарихи оқиғаны шетелдік басылымдардың өзі жариялап келгенімен, қазақ батырының көзсіз ерлігі жылдар бойы еленбей келгені баршаға мәлім. Ресейдің Сыртқы істер министрлігі, Жеңіс жалауын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаев болғанын былтыр ресми түрде растады.
Айя Мүтәлі