Америкада қазақтың қазысын сататын дүкен бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америкада қазақтың қазысын сататын дүкен бар

26.05.2023

АҚШ-та қазы сағынған қазақтар «Ташкентке» барады. Нью-Йоркте орналасқан бұл супермаркет нағыз өзбек базарын еске түсіреді. Пост кеңестік елдердің азаматтары үшін бұл туған жердің бір бөлшегі секілді.

Себетін қажетті тауармен толтырған Қаршыға Баятова Бруклиндегі дүкенге Вирджиния штатынан төрт сағат жол жүріп келді. Басты мақсат қазы сатып алу. Себебі, бұл өнім ел бойынша тек осы жерде ғана бар. Шикісін де піскен де табуға болады.

Қаршыға Баятова, Вирджиния штатының тұрғыны:

Қазақ – қазысыз қалай қазақ болады? Ет асасың, қонақ шақырасың, сол кезде қазы қойған біздің дәстүріміз ғой. Енді көріп тұрғаныңыздай бір келгенде бірнеше қазы алуға тырысамыз, біраз уақытқа жетуі үшін.

Дүкен алты жыл бұрын ашыған. Негізінен өзбек, қазақ, қырғыз секілді Орталық Азияның өкілдері жұмыс істейді. Фаст-фудтен жалыққан жұрт мұнда манты, лағман, бәліштің түр-түрін сатып алуға келеді. Орталық Азия тауарлары да бар. Сондықтан бағасы да арзан емес.

Светлана, Нью-Йорк қаласының тұрғыны:

Кез келген өнімді табуға болады. Самса дейсіз бе, тұшпара керек пе бәрі бар. Жігіттер барынша тырысып, сапалы сервис көрсетеді.

Фирдаус Рахмонов, дүкен қызметкері:

Біздің дүкен жұмыс істегелі біраз жыл болды. Негізінен пост кеңестік елдерден келген адамдар біздің клиенттеріміз. Өздерінің ұлттық тағамдарын сағынғандар осында келеді. Бізде барлық өнім халал стандартына сай.

Сапалы өнім мен сапалы қызмет. Осы ұстанымды берік негізге алып, кәсібін дөңгеліп отырған өзбек ағайындар америкаға арман қуып келген көпке үлгі болып отыр.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу