Тылда еңбек етіп, жеңісті жақындатқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тылда еңбек етіп, жеңісті жақындатқан

06.05.2023

Балалық шағы соғыс жылдарында өтіп, тылда еңбек еткен қостанайлық Шәйзада Қабдырахметова биыл 95 жасқа толып отыр. Бұғанасы қатпай жатып ауыр жұмыс атқарып, тұрмыстың тауқыметін тартса да кейуана ешқашан жасымаған. Бойынан қуаты тайғанша еңбектен қол үзбепті. Бүгінде ол шөбере, шөпшек сүйіп, перзенттерінің сый құрметіне бөленіп отыр.

Жеңіс мерекесі қарсаңында Шәйзада Қабдырахметованы әкімдік қызметкерлері арнайы келіп құттықтады. Кейуана қазір Заречный ауылында үлкен ұлының қолында тұрады. Осындағы соғыс ардагерлеріне теңестірілген 35 тыл еңбеккерінің бірі. 13 жасынан соқаға сиыр жегіп, жер жыртып бір мезгіл алқап басында анасына көмектестен.

Шәйзада Қабдырахметова, еңбек ардагері:

Соғыс кезінде биялай, байпақ, жүн түтіп қолғап, шұлық тоқыдық. Үйден. Сиырды соқаға жегеді. Күзде бұзауын колхоз алады. Тегін.

Осылайша соғыс кезінде онсыз да тұрмыс тауқыметін тартып отырған жұрт мемлекеттен әлеуметтік көмек алмақ түгілі, барын майданға жіберген. Кейін тұрмыс құрып, он перзентті дүниеге әкелді.

Ғанижамал Ысқаққызы, қызы:

Сонда бір қабақ шытпайды бізге. Сондай ақжарқын, күліп жүрді. Өзі айтады «Түнде он бала қаз-қатар жатқанда пешке арқамды сүйеп отырып көз жасымды сығып аламын. Сендерге қиналғанымды көрсетпейтінмін»,-деп.

Бүгінде 10 баладан 25 немере, 35 шөбере сүйіп, ұрпағының сый-құрметіне бөленіп отыр. Шөпшектері де бар. Перзенттерінің бәрі оқып білім алып, түрлі салада еңбек етіп жүр. Алды зейнет жасында.

Шәйзада Қабдырахметова, еңбек ардагері:

Еңбек ету керек қой адам. Адам жетістікке еңбекпен жетеді. Еңбектің арқасында қазір баршылық та, молшылық та болып отыр.

Шәйзада әженің бар арманы мешіт ұстағаны үшін тұтқындалып, содан хабарсыз кеткен әкесінің бір дерегін табу. Ол кезде өзі шамамен 2-3 жаста болыпты. Талай тар заманның тірі куәгері «Бүгінгі ұрпақ бейбіт күннің қадірін білсін, біз көрген зұлматты көрмесін»,-деп тілейді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу