Корей ұлтының жігіті Абай өлеңдерін жатқа оқиды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Корей ұлтының жігіті Абай өлеңдерін жатқа оқиды

27.04.2023

Шымкент қаласында тұратын Тимур Пак есімді корей ұлтының жігіті ақын Абайдың өлеңдерін жатқа оқиды. Тілі де, ділі де қазақ болып кеткен азамат ұлы ойшылдың қара сөздерінің мән-мазмұнын талдап, талқылауға да шебер. Тимурдың Абай өлеңдеріне құмарлығы мектептен басталған. Ұстаздарының арқасында ұлы ойшылдың өлеңдерін жаттап, қара сөздеріне қанып өседі. Ұлы ақынның қай шығармасын сұрасаң да мүдірмей айтады. Соның арқасында бірнеше рет Абай оқуларына қатысып, жүлдегер де атанды.

Тимур Пак, мектеп мұғалімі:

Абай Құнанбаевтың өлеңін оқығанда іштей рухым көтеріледі. Өзімді мықты сезініп, шабытым ашылады. Сондай әсерлер болады.

Ол бүгінде Шымкенттегі мектептердің бірінде ұстаздық етеді. Мыңнан астам бала оқитын білім ұясы таза қазақ тіліндегі оқу ордасы. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген Тимурға әріптестері де таңданысын жасырмайды.

Нұрсұлу Байқонысова, мектеп директорының орынбасары:

Оны біз кейде корей ұлты екенін де ұмытып кетеміз. Өйткені қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қазақтың өзінен артық біледі.

Тимур Түркістан облысы Мақтаарал ауданында туып өскен. Оның атасы мен әжесі қуғын-сүргін жылдары осы аймақты паналап көшіп келген екен. Анасы қазақтың қызы. Көпбалалы отбасы бүгінде екі ұлттың да салт-дәстүрін тең ұстанады.

Тимур Пак, мектеп мұғалімі:

Көп байқаймын. Қазақ пен кәрістың салт дәстүрі бір-біріне жақын. Үлкенді сыйлауы. Бізде де үлкендерді қатты құрметтейді.

Тимур қазақ еліне күйеу. Бүгінде келіншегі екеуі 4 перзент өсіріп отыр. Оларға Әсима, Әмір, Арсен, Ариф деген қазақы есім берген. Олар да ата-анасы секілді қазақ мектебінде білім алуда. Өйткені мемлекет басшысы айтқандай қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құрал дейді ол.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу