Қостанай облысында былтыр шаруаларға 13 млдр теңгенің инвестициялық субсидиясы төленбей қалған. Президенттің өзі бұл саладағы мәселе тым күрделі екенін айтты. Мемлекет басшысының сөзінше «Субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе түйткілді шеше алмай тұр». Меңдіғали Саимовтың егіншілікпен айналысқанына 30 жылға жуықтады. Биыл 2 мың гектардан астам алқапқа дән себеді. 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Былтыр жаңа трактор, басқа да егіске қажетті саймандар сатып алған. Соның жалпы құнынан 30 млн теңге субсидия ретінде төленуі тиіс еді. Әлі ала алмай жүр. Ал көктемгі егіс кезінде бұл қаржы ауадай қажет.
Меңдіғали Саимов, шаруа:
Қосалқы бөлшек бәрі бар ғой, бірақ сатып алуға ақша керек. Инвестициялық субсидияны берсе, соған алар едік. Несиеге алған қаржы жанармай мен жалақыдан артылмайды.
Қостанай облысында былтыр екі жарым мың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушіден субсидия алуға 20 мың өтінім түсіпті. Осы өтінімдер бойынша 44, 6 млдр теңге төленген. Алайда бұл қаржы жеткіліксіз. Тек инвестициялық субсидия бойынша 13 млрд теңге төленбей қалыпты. Субсидия төлеу ескі жүйеден жаңа жүйеге ауысқанда бұрын берілген өтінімдер жоғалып кеткен.
Нұрсұлтан Қабделов, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Мыңнан аса өтініш ескі жүйедегі күту парағына да, жаңа жүйеге де өтіп үлгермеген. Ол үшін енді шаруалар жаңа жүйеге қайтадан өтінім беріп жатыр.
Ал министрлік өкілдері жүйеде еш ақау жоқ деп отыр. Жыл басынан бері жаңа жүйе бойынша 165 млдр теңгеден астам қаржыға 15 мыңға жуық өтінім қабылданыпты. «Тіпті субсидияның шаруаға берілу берілмеуіне де министрлік емес жергілікті басқармалар жауапты» дейді.
Дамир Егізбаев, ҚР АШМ қоғаммен байланыс департаментінің директоры:
Яғни сіз шаруа ретінде өтініш берсеңіз, оны мақұлдайтын я мақұлдамайтын ауыл шаруалары. Олардың шаруалардың алдында былтырдан қарыздары бар. Қазір соның 18 млрд теңгесі төленді.
Министрліктің есеп беруінде еш мүдіріс болмаса да жаңа жүйенің жыл басында бір айға жуық мүлде жұмыс істемей тұрғаны ақиқат. Жұмыс істей бастағанның өзінде жоғалып кеткен былтырғы деректерді қайта іздеп тауып тіркеуге қыруар уақыт кетеді. Осылайша шаруалар уақыт пен қаржыдан қатар шығын шегіп отыр.
Дәуренбек Әбдібек