Тегін медициналық қызмет алу үшін айлап кезек күту керек. Ал сол қызметті ақылы түрде бірнеше минуттың ішінде алуға болады. Халық қымбат болса да жылдамын таңдайды. Яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тиімсіз болып тұр. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына осылай деп депутаттық сауал жолдады. Мәселе мынада. Медициналық мекемені қаржыландыру кезінде белгілі бір қызметке квота беріледі. Айлық квота белгілі бір аптаның ішінде таусылса келесі үш апта олар қызмет көрсетпейді. Тұрғындарды келесі айға жазады. Пациенттердің көп жазылуы да мекемеге пайдалы. Яғни ақшасы төленген бірақ жасалмаған қызметтер өте көп. Барлық қордың 10 пайызын тексергенде 52 мың көрсетілмеген қызмет анықталған.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі
Азаматтар тұрақты жарна төлеп жүрсе де егер 3 ай төлемей қалса онда автоматты түрде МӘМС-тен шығып қалады. Бұл мәселені қайта қарау керек. Кез келген 12 ай үшін жарна аударылса сақтандырушының мәртебесі қалдырылу ұсынылады. Азаматтар қаражат түскенін қайда және қандай мақсатқа бағытталғанын білуі керек деп ойлаймын. Азаматтарға олардың электронды денсаулық паспортын көруге толық мүмкіндік берілуі керек.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те жүйедегі ақшаға бақылау жүргізілмейтінін айтқан. Міндетті сақтандыру медицина саласына тың серпін беруі керек. Алайда, әзірге дұрыс жұмыс істемей тұр деген еді. Қаржы нағыз қажет жұмыстарға бағытталмай қалады. Ал дәрімен қамтамасыз ету жұмыстары жемқорлық тәуекеліне толы. Бұл бағыттағы мәселенің көп екенін министр Ажар Ғиният та мойындап отыр.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Басты мәселе бұл осы медициналық қызметтің науқасқа жетіп, ары қарай кері байланысты цифрландыру мәселесі болып тұр. Биылдың аяғына дейін барлық, әсіресе, медициналық көмек көрсету, бизнесс процесстері цифрландырылатын болады.
Оңғар Алпысбайұлы