Шетелдегі қазақтар ұлттық өнерді ұлықтап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдегі қазақтар ұлттық өнерді ұлықтап жүр

19.04.2023

Ресейдің мәдени орталығы Санкт-Петербург қаласында он мыңға жуық қандасымыз тұрады. Олар «Атамекен» бірлестігін құрып, апта сайын бас қосуды дәстүрге айналдырған. Басты мақсат - ата дәстүрді дәріптеу.

Бұл - «Балдәурен» би ансамблі. Санкт-Петербургтегі жалғыз қазақ би ұжымы. Жергілікті қазақтар өз қаражаттарына ұлттық киім тігіп, ғимарат жалдаған.

Гүлшат Ниеталина, Санкт-Петербург қаласының тұрғыны:

Қазақтың ұлттық дәстүрін, мына салтымыздың мәдениетін, тарихын осы бимен жеткізіп жүр десем болады. Соңғы бір жылдың ішінде балаларымыз екі биді үйренді. «Бозінген» биі, «Шаттық» биі және «Қара жорға» биі. «Қара жорға» биімен көптеген жүлделерге ие болдық.

Алғашында екі баладан құралған топтың құрамында қазір 20-дан астам биші бар. «Балдәурен» би ансамблі өңірлік, қалалық байқауларда жеңімпаз атанды. Бүгінгі күні қаладағы ірі мерекелік шаралар қазақтың биінсіз өтпейді.

Камилла Берғалиева, жас биші:

Қазақтың биі өзіме ерекше ұнайды. Осындай әдемі ұлттық киімдерімнің бары қуантады. Қазақстандағы туыстарым менің өнерімді жоғары бағалайды. Болашақта қазақтың биін барлық әлемге танытқым келеді.

Жалпы алғанда Ресейде 1 миллионға жуық этникалық қазақ тұрады. Оның басым бөлігі Омбы, Астрахань, Саратов облыстарында қоныс тепкен. Ал бұл би ұжымы алдағы уақытта Қазақстанмен мәдени байланысты арттырғысы келеді.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу