Қарағанды облысындағы Ақшатау кентінде ауыз су тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысындағы Ақшатау кентінде ауыз су тапшы

18.04.2023

Қарағанды облысындағы Ақшатау кенті көп жылдан бері ауыз суға жарымай келеді. Себебі елдімекенге Жәмші жерасты су көзінен келетін 35 шақырымдық құбыр әбден ескірген. Қазір ауыл тұрғындарының күні жалғыз су ұңғымасына тәуелді. Оның өзі жиі тартылып, тіршілік нәрі жетпей қалады.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Ақшатау кентінде су мәселесінің түбегейлі шешілмей келе жатқанынан 26 жыл болған. Мұндағы өндіріс ошағы жұмысын тоқтатқан соң орталықтандырылған су құбырының тоз-тозы шыққан. Ал бұрғыланған скважинаның суы тартылып қала береді. Амалсыз жергілікті билік тұрғындарға қажетті су қорын ұстап тұру үшін 30 шақырым жердегі ауылдан мынадай көліктермен тасып резервуарларды толтыруға мәжбүр.

Кенттегі 800-ге жуық тұрғын осы жалғыз құдыққа қарап отыр. Скважина суы 1 мың текше метрлік резервуарды тек көктемде қар еріген кезде ғана толтыра алады. Жазда су тартылып, елдің аңқасы кебеді. Ал бау-бақша дегенді мүлде ұмытқан.

Мәкен Алдабергенова, Ақшатау кентінің тұрғыны:

Біз бір бөшке судың өзін үйге әрең кіргіземіз. Бау-бақша салу қайда бізге. Шалым 80-нен асты, мен міне 70-тен астым. Мына сыртымыздағы Қарабұлақ совхозының барлығы үйлеріне дейін су кіргізіп алған. Ал біз міне 97 жыдан бастап су тасып жүрміз.

Соңғы жылдары су деңгейі тіпті түсіп кеткен соң мұндағы мектеп пен әлеуметтік нысандар орталық құбырдан ажыратылған.

Гүлнәр Әжікеева, мектеп директоры:

Соңғы 2 жылда бізде судың деңгейі түсіп кетуіне байланысты машинамен тасып отыр қазір. Бізде дәретхана барлығы ішінде. Сондықтан су ішіне келіп тұрғаны жақсы болатын еді.

Ақшатауда жерасты су қоры әбден тартылған. Бұл өлкенің жазы қуаң, жаңбыр жаумайды. 2018 жылы жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жер асты су қорын есептеу үшін 6 жерден ұңғыма қазылған. Бірақ оның біреуінен ғана аз мөлшерде су шыққан.

Дархан Смайылов, Шет аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

35 шақырымнан басқа маңайда дұрыс су көзі жоқ. Енді жобаның құнының өзі 2,5 млрд теңгеден асады. Сосын екі көтеріліммен беріледі. Ол тұтынушыға жеткенше құны едәуір жоғары болады. Біз қазір облыстық басқармаға ұсыныс тастап отырмыз. Енді 35 шақырымнан болмаса да, маңайдан өзге су көздерін іздеуге.

Жалпы Шет ауданында 61 елді мекеннің 78 пайызы сумен қамтылған. Биыл тағы 6 ауылға құбыр тарту үшін қаражат бөлінген. Алайда оған Ақшатау тағы ілікпеді.

Еліміз бойынша шалғайда жатқан осындай 87 ауылда ауыз су тапшы. Жерглікті әкімдіктер елдімекендерге суды тасымалдап жеткізіп отыр.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу