Қадір түні: Бұл түні жасалған ғибадат мың айға тең - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қадір түні: Бұл түні жасалған ғибадат мың айға тең

17.04.2023

Бүгін түнде мұсылман жамағаты мың айдан қайырлы Қадір түнін күтеді. Барлық мешітте арнайы жоспарлар жасалып, Құран оқылады. Уағыз-насихаттар айтылып, ауызашар мен сәресі дастархандары жайылады. Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрім түскен. Сондай ақ бұл түні жасалған ғибадат мың айға, яғни, сексен үш жылға тең дейді дін өкілдері. Бүгін Шолпан Ахметтің шаңырағында ерекше күн. Күндізден қарбалас. Ағайын-туыстың басын қосып, Қадір түнін қарсы алмақшы. Ол үшін арнайы дастархан жайылып, діни шығармаларды талдап, одан арнайы сахналық көрініс қоюды да жоспарлап қойған.

Шолпан Ахмет, қала тұрғыны:

Бұл түнде тек жақсы әңгіме, жақсы ой айтылса, жақсы сөздер айтылса екен деп тілейміз. Сол арқылы біз елімізге, ұлтымызға, ертеңгі күнге, болашақтағы ұрпақтарымызға жақсы із қалдыратындай, мұра болатындай сүбелі әңгімемізбен қарсы алсақ деген тілегіміз бар. Бұл түнде айтылған дұғалар, берілген баталар ешқашан қайтарылмайды дейді.

Бұл түні мұсылман баласы барынша көп құлшылық жасап, Жаратушыға мінәжат етеді. Құран Кәрімді оқып, қателік-күнәлары үшін кешірім сұрайды. Дін мамандары бұл түнді ұйқысыз өткізсем болды деген мақсат болмауы керек дейді. Мейлінше пайдалы істермен айналысып, рухани кемелденуге ұмтылуы тиіс.

Төлеби Оспан, қаланың бас имамы:

Намаз оқып, Құран оқу арқылы, яки Алланы зікір етіп, Алланы ұлықтайтын тасбихтар тарту арқылы бұдан бөлек отбасы жағдайында діни кітаптарды оқып, пайғамбарымыздың өмірбаянын, тағы басқа дұғалар кітабын оқып, өткізген абзал болады.

Бұл күні Жаратушының мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасайды. Жалпы «Қадір» сөзі араб тілінен аударғанда «тағдыр» деген мағына береді. Сол себепті бұл түнде адамның бір жылдық тағдыры ғана емес, ризық-несібесі де жазылады деген ұғым бар.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу