Астанада кешелі-бері жауған қалың қарды шығару жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қаланың коммуналдық қызмет мамандары күшейтілген режимде жұмысқа кіріскен. Қарды тазалуға 2,2 мыңнан астам жұмысшы, мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.
Сәуірдің ортасында түскен қалың қар бүгін ел-жұртты әбігерге салды. Елордада соңғы 3 күнде 1 айлық мөлшерден көп қар түсті. Коммуналдық қызметкерлер ең алдымен жолдардағы кептелістің алдын алуға күш салған. Олар негізгі көшелермен, әлеуметтік нысандарға кіреберістерді, аялдамаларды қардан аршуда.
Бағжан Сәбденов, «Сарыарқа» ауданы әкімі аппараты бөлімінің бас маманы:
Екі ауысымдық режимде жұмыс жасап жатырмыз. Техниканың саны мыңға жуық арнайы техника мен 2 500-ден астам жұмысшы тартылған. Сарыарқа ауданы бойынша 514 жол жұмысшысы, 264 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.
Көшелерді қардан тазартуға «Байқоңыр» ауданы бойынша барлығы 500-ге жуық жұмысшысы, 150-ден аса арнайы техника жұмылдырылған. Жүк көліктері қар полигондарына 300-ге рет қатынаған. Коммуналдық қызмет мамандары күшейтілген режимде, күн-түн демей жұмыс істеп жатқандарын айтады.
Дархан Мұсабеков, «Астана Тазалық» ЖШС Есіл ауданы бойынша атқарушы директоры:
Бұл кісілер екі ауысымда жұмыс атқарады. Бірінші маусым 00:00-ден күндізгі 12:00-ге дейін болса, екінші маусым күндізгі 12:00-ден түнгі 00:00-ге дейін. Көше сыпыратын техникаларымыз болса көшенің тайғақтықтан сақтайтын тәулік бойы екі ауысымда жұмыс атқарады.
Есіл ауданында қар тазалау жұмыстарына 710 адам, 283 бірлік техника тартылған. Ал, 601 адам мен 261 бірлік арнайы техника Алматы ауданын ақ ұлпадан тазалауға шықты. 17 сәуірге қараған түні елордадан 23 мың текше метрден астам қар шығарылды. Бұл 1600-ден астам жүк көлігі. Жалпы, қыс мезгілінің басынан бері полигондарға 4 миллион текше метрге жуық қар шығарылды.
Райхан Сайранбек