Осы аптаның басында АҚШ-та ковидке байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі тоқтатылды. Президент Джо Байден індетпен күрес мақсатында қабылданған құжаттың күшін жоятын заңға қол қойды. Осыдан соң әлемде пандемия аяқталды ма деп жатқандар көп.
Өйткені, АҚШ кеселден көп азаматын жоғалтқан елдердің бірі. Жалпы жүз миллиондай адам індетті жұқтырса, 1 миллион бір жүз мың америкалық көз жұмған. Төтенше жағдай режимі тоқтағанымен індеттің беті әлі толық қайтпаған. Мәселен, Вандербильт университетінің профессоры Улиям Шафнер вирустан күн сайын екі жүз-үш жүз адам қайтыс болып жатқанын айтқан.
Сол себепті де болар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия бітті деп әлі жарияламады. Ұйымның бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус бір ай бұрын «COVID-19 пандемиясы» 2023 жылдың соңына қарай аяқталуы мүмкін деген.
Ал жалпы «COVID-19» пандемиясының басталғанына 3 жылдан асты. Осы уақыт аралығында вирусты 760 млндай адам жұқтырған. Бұл жер бетіндегі халықтың шамамен 10 пайызы. Ал 7 млнға жуық адам көз жұмған.
Ковид тұтас әлемдегі әлеуметтік тепе-теңсіздікті де еселей түсті. Экономиканы әлсіретті. 3 жыл өткен соң көптеген ел вируспен күреске бағытталған шектеулерден бас тартып жатыр. Мысалы, Белоруссия ақпан айында ковидті адам өмірі үшін қауіпті аурулардың тізімінен алып тастаған. Түркіменстан, тіпті, 3 жылда мүлдем мойындамады. Арагідік түрлі шетелдік ақпарат порталдарында ковид жұқтырғандар туралы хабар шыққанымен, ресми Ашхабад растамаған. Ал Қазақстанға келсек, халықта алғашқы екі жылдағыдай қорқыныш жоқ. Тіпті, ковидті ұмытқан сияқты. Бұрынғыдай той-домалақтар емін-еркін өтіп, қалыпты өмірге оралды. Медициналық масканы ресми шараларда тек лауазымды тұлғалардан байқауға болады. Статистиканың өзі біраз уақыт жаңармапты. coronavirus2020.kz сайтында ковидті жұқтырғандар бойынша ең соңғы ақпарат 27 ақпанда жарияланған. Оған сай, Қазақстанда бұл вирусты 1 млн 400 мыңнан астам адам жұқтырса, 13843-і қайтыс болған. Бұл ПЦР-тесті расталғандары. Ал тесті теріс көрсеткендердің бойынша статистикасы мынадай: 90 мыңнан астам адам аауырған.
Дегенмен, ақпарат құралдарында Қазақстан бойынша тәуліктік дерек әлі де жарияланып жүр. Мысалы, кеше ковид 50 адамнан анықталса, бұған дейін 81 науқаста расталған. Демек, короновирус түбегейлі кеткен жоқ. Тек адамзаттың еті үйреніп, пандемияға дейінгідей өмір сүре бастаған. Ал АҚШ-та төтенше жағдай режимінің тоқтатылуында саяси астар да бар. Оны сол жақтағы тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы айтып берсін.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Осыдан үш жыл бұрын Дональд Трамп президент болып тұрған тұста ұлттық деңгейде және халық денсаулығын қорғау бойынша екі төтенше жағдай енгізген еді. Соның бірі осы аптада күшін жойса, екіншісі бір айға жетпей тоқтайды. Яғни, миллиондаған америкалық енді ковидке байланысты тегін тест жасату мен екпе салдырудан және тегін емделуден қағылады. Әлжуаз топтарға жасалған кейбір әлеуметтік жеңілдіктер де болмайды. Себебі, АҚШ билігі індеттің беті қайтты. Сондықтан біртіндеп қалыпты өмірге оралу керек деген ұстанымда. Десе де сарапшылар әлі де арқаны кеңге салатын кез емес деп санайды.
Уильям Шафнер, Вандербильт университеті медициналық орталығының жұқпалы індеттер бойынша профессоры:
Пандемияда емеспіз деген жақсы жаңалық . Бірақ, індет мүлдем жоғалып кеткен жоқ қой. Вирустан әлі де күн сайын екі жүз бен үш жүздің арасында адам өліп жатыр. Біз бұны еңсеруіміз керек. Енді тегін медициналық қызметті шектсек салдары неге соқтырары белгісіз. Ковидтің алдын алу қиындауы мүмкін.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Төтенше жағдай президентке індетпен күресте қосымша өкілеттік беріп келді. Яғни, Конгрестің келісімін сұрамай-ақ, қомақты қаржыны жұмсауға мүмкіндік алды. Жалпы, осы үш жыл ішінде Америка пандемияны еңсеру үшін бес триллиондай доллар жұмсаған. Оның негізгі бөлігі бизнес пен қарапайым тұрғындарға көмек ретінде таратылды. Салдарын енді тартып жатыр. Қырық жылда болмаған құнсыздануға тап болып, тауарлардың бағасы шарықтады. Байден әкімшілігі қосымша құзырын пайдаланып, төрт жүз млн доллар студенттік несиені де кешірмек болды. Алайда, республикалық партия бұған тосқауыл қойып отыр. Тіпті, Байденнің қарсылығына қарамастан Ақ үйден артық билікті алып қою үшін төтенше жағдайды бір ай ерте тоқтатын заң бекітті.
Лоуренс Костон, Джорджтаун университеті жаһандық денсаулық институтының профессоры:
Конгресске ковидтен шаршаған халықтан үлкен қысым болды. Жұртшылық пен бірге бизнестің де губернаторларынан індетке қатысты тәртіпті жеңілдетуді талап етіп, қолқалағанын білеміз. Мұның бәрі алға жылжу керек деген күшті саяси белгі. Бірақ бізге өте сақ қимылдау керек. Биліктің халық денсаулығына байланысты төтенше жағдайды мамырдың он біріне дейін ұстауға мұрша беруді сұрағына да сол.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Пандемия кезінде «Медикер» атты медициналық сақтандыру бағдарламасы бойынша мемлекет қамқорлығына алынғандардың саны 28%-ға өсіп, 91 млн адамға жеткен. Өйткені, штаттарға федералдық бюджеттен қаржы аударылып тұрды.Енді мұндай көмек болмайды. Сондықтан аймақтар кемінде он бес миллион адамнан, оның жартысы балалар, тегін сақтандыруды алып қоймақ. Яғни үлкен әлеуметтік мәселе де туындағалы тұр. Жалпы, пандемия елге орасан зор шығын әкелді. Мыңдаған кәсіпорын жабылып, экономиканың күрт құлдырағанын айтпағанда, АҚШ кеселден әлемде ең көп азаматын жоғалтқан ел болды. Жүз миллион адам жұқпалы індетті жұқтырып, 1 миллион бір жүз мың америкалық көз жұмды.
Жалғас Сәдібекұлы