АҚШ ковидке байланысты енгізілген төтенше жағдайды тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ ковидке байланысты енгізілген төтенше жағдайды тоқтатты

15.04.2023

АҚШ ковидке байланысты енгізілген төтенше жағдайды тоқтатты. Осы аптада президент Джо Байден індетпен күрес мақсатында қабылданған құжаттың күшін жоятын заңға қол қойды. Бұл эпид ахуалдың жақсарғанын аңғартқанымен екінші жағынан халықтың тегін медициналық көмек пен түрлі жеңілдіктен қол үзетінін білдіреді.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Осыдан үш жыл бұрын Дональд Трамп президент болып тұрған тұста ұлттық деңгейде және халық денсаулығын қорғау бойынша екі төтенше жағдай енгізген еді. Соның бірі осы аптада күшін жойса, екіншісі бір айға жетпей тоқтайды. Яғни, миллиондаған америкалық енді ковидке байланысты тегін тест жасату мен екпе салдырудан және тегін емделуден қағылады. Әлжуаз топтарға жасалған кейбір әлеуметтік жеңілдіктер де болмайды. Десе де сарапшылар әлі де арқаны кеңге салатын кез емес деп санайды.

Улиям Шафнер, Вандербильт университеті медициналық орталығының жұқпалы індеттер бойынша профессоры:

Пандемияда емеспіз деген жақсы жаңалық . Бірақ, індет мүлдем жоғалып кеткен жоқ қой. Вирустан әлі де күн сайын екі жүз бен үш жүздің арасында адам өліп жатыр. Біз бұны еңсеруіміз керек. Енді тегін медициналық қызметті шектсек салдары неге соқтырары белгісіз. Ковидтің алдын алу қиындауы мүмкін.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Қазірдің өзінде елде маска тағу, екпе жасату бойынша біраз талаптар жеңілдеді. Ал, төтенше жағдай тоқтатылса, америкаға келушілерден де вакцина сұралмауы мүмкін. Яғни, бизнес үшін бұл үлкен қолдау болмақ.

Лоуренс Костон, Джорджтаун университеті жаһандық денсаулық институтының профессоры:

Конгресске ковидтен шаршаған халықтан үлкен қысым болды. Жұртшылық пен бірге бизнестің де губернаторларынан індетке қатысты тәртіпті жеңілдетуді талап етіп, қолқалағанын білеміз. Мұның бәрі алға жылжу керек деген күшті саяси белгі. Бірақ бізге өте сақ қимылдау керек. Биліктің халық денсаулығына байланысты төтенше жағдайды мамырдың он біріне дейін ұстауға мұрша беруді сұрағына да сол.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Жалпы, пандемия елге орасан зор шығын әкелді. Мыңдаған кәсіпорын жабылып, экономиканың күрт құлдырағанын айтпағанда, АҚШ кеселден әлемде ең көп азаматын жоғалтқан ел болды. Жүз миллион адам жұқпалы індетті жұқтырып, 1 миллион бір жүз мың америкалық көз жұмды.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу