Биыл шаруаларға 100 млрд теңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл шаруаларға 100 млрд теңге бөлінеді

15.04.2023

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында еліміздің агро саласына 100 миллиард теңге бөлінеді. Қомақты қаржы тұрғындар табысын арттыруға бағытталады. Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барған ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жергілікті шаруалармен жүздесіп, жаңа жобаға қатысудың тетіктерін түсіндірді.

Биыл ауылдық жерде кәсіп бастаймын деген адамға мол мүмкіндік туып отыр. Соның ішінде, агро жобаларға мемлекеттен 2,5 пайыздық үстемемен несие беріледі. Сондай-ақ, егін егіп, мал өсіруге бөлінетін субсидия көлемі де едәуір ұлғайды. Ал былтырдан бастап игерілмей жатқан бос жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, еңбек етемін деген шаруаларға үлестіріліп жатыр.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

«Ауыл аманаты» арнайы бағдарламасы бойынша жақын жылдары 1 трлн. теңге бағытталатын болады. Оның ішінде биыл алғашқы 100 млрд. бөлінді. Қызылорда облысына ағымдағы жылы 3 млрд. теңге бөлініп отыр.

Сала министрінің қатысуымен өткен жиында аймақ шаруалары бірқатар мәселе көтеріп, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Мәселен, соңғы жылдары шаруашылықтарда жоғары сұрыпты күріш тұқымы азайып кеткен. Өйткені, мемлекеттен тұқымға берілетін субсидия мардымсыз болып тұр. Сол себепті, алатын өнімнің сапасы да түсіп барады.

Әліби Бекжанов, «Ер-әли» шаруа қожалығының төрағасы:

Бірінші репродукцияға 40 пайыз субсидия берсе сатып алған тұқымның көлеміне. «Элитаға» 30 пайыз берілсе. бұған дейін ережеде жалпы егілетін көлемнің 10 пайызының ішіндегі 50 пайызына кететін тұқымды ғана субсидияладанды. Ол мизерный.

Мұнан соң, Ербол Қарашөкеев шаруаларды жеке қабылдап, салаға қатысты мәселелердің шешу жолдарын талқылады. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен іске асқан бірқатар жергілікті агро кешендердің жұмысымен танысты. Алдағы уақытта министрлік азық-түлік тауарларын өндіретін жобаларға айрықша қолдау көрсетпек.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу