Ресейдегі университетте қазақ тілін оқыту мәселесі көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдегі университетте қазақ тілін оқыту мәселесі көтерілді

14.04.2023

Мәскеу мемлекеттік университетінде қазақ тілін оқыту мәселесі көтерілді. Бұл жайында ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің 55-ші пленарлық отырысында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев айтты. Жиыннан бізбен тікелей байланысқа тілшіміз Индира Бегайдар шығып тұр. Индира, сіз эфирдесіз.

Индира Бегайдар, тілші:

ТМД Парламенттік ассамблеясы Тәуелсіз мемлекеттер достастығының жоғарғы заң шығарушы үйлестіруші органы. Негізгі міндеті - ТМД елдерінің ұлттық заңнамаларын үйлестіру. Ал 55 отырыста Сенат спикері бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Мәулен Әшімбаев халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін, ТМД елдерінің тілдерін ондағы жоғары оқу орындарында оқытуды күшейте түскен маңызды екенін айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Халықаралық ынтымақтастықты дамытуда тілдерді білу маңызды рөл атқаратыны баршаға белгілі. Өкінішке қарай, біз ТМД елдерінің тілдерін оқытуға көп көңіл бөле бермейміз. Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде ТМД және жақын шет елдердің тілдері мен мәдениеттерінің кафедрасы бар. Сол жерде Достастық елдерінің тілдері оқытылады. Біз өз тарапымыздан осы бірегей кафедраға қазақ тілін оқыту бойынша қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ, басқа мамандандырылған жоғары оқу орындарында да осындай кафедраларды ашу туралы мәселені қарастыруға болады.

Жиында ТМД елдерінің өзара іс-қимылын арттыру ісінде төтенше жағдайлардың бірлесіп алдын алу мәселесі де сөз болды. Парламент депутаттары Ассамблеяның жалпы отырысында экология, экономика салаларын цифрландыру, салық салу, қаржы және басқа да бағыттардағы модельдік заңдар топтамасын қарады. Шара аясында Жоғары палата төрағасы Қырғыз республикасы, Әзербайжан, Армениядан келген әріптестерімен ынтымақтастық мәселелерін талқылады, бірлескен жобалар жоспарын айқындады.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу