Желіге Пентагонның құпия құжаттарын таратқан күдікті ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Желіге Пентагонның құпия құжаттарын таратқан күдікті ұсталды

14.04.2023

АҚШ барлау қызметінің құпия құжаттарын таратып жіберген күдікті ұстады. Ол Массачусетс штатындағы Ұлттық гвардияға қарасты әуе күштері бөлімшесінде істейтін жиырма бір жастағы әскери болып шықты. АҚШ-тағы меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатады.

АҚШ барлау қызметі жасырын мәліметтерін жариялаған күдіктіні үйінде тұтқындап қолына кісен салды. Белгілісі ол интернеттегі видео ойыншылар арасында танымал әлеуметтік желіде жабық чат тобын құрып, сол жерде бірнеше айдан бері құпия құжаттарды бөлісіп келген. Бастапқыда чаттағы 20-30 жасөсіпірімге өзі оқыған мәліметтердің мазмұнын айтып беріп жүрсе, кейін суретке түсіріп, чатқа салғаны анықталды.

Меррик Гарланд, АҚШ бас прокуроры:

Мен ФБР-ге, Әділет департаментіне, прокуратураға және қорғаныс министрлігіндегі әріптестерімізге осы іс бойынша қажырлы еңбектері үшін алғыс айтамын. Бұл тергеу әлі жалғасады. Біз қосымша ақпаратпен тиісті уақытта бөлісеміз.

Бұл іс бойынша қылмыстық тергеуді Вашингтондағы Федералдық барлау бюросы жүргізіп жатыр. Ертең күдікті Массачусетс штатының округтік сотына жеткізіліп ресми айып тағылмақ. Мамандардың айтуынша, мұндай қылмыс үшін ондаған жыл жаза кесілуі мүмкін. Айта кетейік, желіде жария болған құпия және аса құпия құжаттарда соғыс алаңындағы Украина мен Ресей әскеріне қатысты мәліметтер, фотосуреттер мен карталар болған. Бұдан бөлек АҚШ-тың одақтастары, Израиль, Оңтүстік Корея және Түркия туралы ақпараттар да бар. Пентагонның айтуынша, жасырын мәліметтердің тарап кетуі Украин әскерінің қарымта шабуылына кері әсер етіп, көп жауынгердің өліміне себеп болуы мүмкін.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу