Елдегі құрылыс сапасына қойылатын талаптар күшеймек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі құрылыс сапасына қойылатын талаптар күшеймек

13.04.2023

Сапасыз құрылысқа тосқауыл қойылмақ. Жауапты министрлік дайындаған жобада мамандарға қойылатын талаптарды қатаңдату көзделген. Құжат күшіне енсе салғырт сарапшыларға да, олақ мердігерге де кедергі қойылады дейді авторлар. Қасбеті қырық жамау мына үй былтыр ғана қолданысқа берілген. Бірақ көптен күткен баспанасына қолы жеткен тұрғындардың қуанышы күн суығанда су сепкендей басылды. Себебі, қысты күні төрт қабырғадан уілдеп соққан желден адамдар жанын қоярға жер таппайды.

Әсем Чапайқызы, қала тұрғыны:

Төбеден жел соғады. Қабырғадан жел соғады. Терезеден жел соғады. Еденіміз суық дегендей. Кішкентай балаларымыз ай сайын ауырып, апта сайын ауырып, еңбекке жарамсыздық қағазын жиі-жиі алып, жұмыстан қалуымызға тура келді. Себебі, бұл үй өте суық үй. Стандартқа сай салынбағандықтан тесіктері өте көп.

Алайда құжат бойынша бұл ғимараттың бойында бір мін жоқ. Яғни қабылдап алғандар барлық талапқа сай кінараттан ада деп шешім шығарған. Ал тұрғындардың күні жап-жаңа пәтерлерін жамап-жасқаумен өтіп жатыр. Мамандар мұны салғырт жүргізілген сараптаманың кесірінен екенін айтады. Ол үшін тексерушілердің жауапкершілігін күшейту керек деп санайды.

Бірлік Ережепов, «Сараптамалық ұйымдар палатасы» Басқарма төрағасы:

Әр маман өз қызметін сақтандыруы керек. Яғни жұмысқа кірісер кезде қаражатын немесе мүлкін кепілдікке қояды. Егер жұмысынан олқылық табылса, ол мүлкінен айырылады. Сонда ғана бұл салада тәртіп орнайды. Бұл әлемдік тәжірибе.

Жауапты министрлік те талаптар сақталмайтынын айтады. Жобалық сметалық құжаттаманың толық болмауы, тіпті, құрылысты құжатсыз жүргізу сынды заң бұзушылықтар жиі кездеседі. Ал сараптаманы белгіленген 20-30 күннің орнына бір күнде жүргізген мамандар анықталған. Сондықтан жаңа Заң жобасы дайындалып жатыр. Құжатта құрылысшыға да, тексерушіге де талапты күшейту үшін кей нысандар күрделі құрылыс санатына көшірілмек.

Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:

Техникалық және технологиялық жағынан күрделі санатына қосылатын нысандарда енді тәжірибелі мамандар ғана жұмыс істей алады. Өйткені, үшінші категорияны бұрын-соңды құрылыста жұмыс істемеген компаниялар да ала алады. Оның мамандарының да еңбек өтілі болмайды. Ал екінші санат нарықта бес жыл тәжірибесі бар ұйымдарға ғана беріледі.

Сонымен қатар, сарапшылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында лицензиялар реестрін енгізу жоспарланған. Жоба бойынша, жұмысын сапасыз атқарған маман тізімдегі орнынан айырылады.

Серік Селеубайұлы

Хабарламаларға жазылу