Шымкенттегі жаңа жол жылға жетпей бүлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттегі жаңа жол жылға жетпей бүлінді

13.04.2023

Шымкент қаласында былтыр салынған отызға жуық жолдың үштен бірі жыл өтпей жатып тоз-тозы шықты. Шамадан тыс жүк артқан ауыр көліктер жүруге тыйым салынған ішкі көшелерді тас-талқан еткен.

Бозарықтағы осыдан екі жыл бұрын салынған көшелер қазір сынақ алаңы сияқты. Шағын аудан етегінен көпқабатты тұрғын үй салған құрылыс компаниясы орталықпен жалғайтын екі көшенің астаң-кестеңін шығарды. Ауыз су құбыры құдықтарының жан-жағы опырылып құлап, терең шұңқырға айналған. Қарсы келген көліктер көшеге сыймаған соң дөңгелектер жол тұрмақ, жанындағы тротуардың өзін талқандап тастады.

Әмірәлі Әнәпияев, қала тұрғыны:

Жолымыздың тас-талқанын шығарды. Бұл жолды не үшін салдырғанын мұндай үлкен құрылыс жүретін болса. Бұл мемлекеттің ақшасын шашы деген сөз. Түсінбеймін.

Талап бойынша қалаішілік жолдар 12 тоннаға дейінгі көліктерге шыдас беруі тиіс. Алайда жаңа төселген асфальт көшелермен 40-60 тонналық жүк көліктері жүйіткіп жүр. Салдарынан былтыр салынған 28 жолдың біразы бүгінде ойлы-шұқырлы.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Қазір Шымкентте жолды салғаннан гөрі оны бүлдіру жылдамырақ болып тұр. Мына көшені кеңейту жұмыстарының басталғанына 2-3 жыл болды. Алайда аяқталмай жатып, оның жартысына төселген асфальт мынадай боп бұзылып барады.

Еркінсіген жүк көліктері жүруге тыйым салынған жол белгілерін де елең қылмайды.

Қайрат Шәкіров, жол активтері ұлттық сапа орталығының инженері:

Сынақ лаборатормясы арқылы қабылданған 5-6 көшені анықтадық. Мерзіміне жетпей яғни, 3 жылға жетпей шашылып кетті. Жалпы шақырымы 30-35 шақырымға жетеді.

Көлік инспекциясы жыл басынан бері жүк тасымалы талаптарын бұзғаны үшін 400-ден астам әкімшілік хаттама толтырған. Заң бұзғандарға 20 миллион теңге айыппұл салынды.

Нұрсұлтан Жамашев, көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:

Осы наурыз айының өзінде 13 дерегі бар. Жүкті артқан мекеменің жауапкершілігі қаралады, әкімшілік құқық бұзу талаптары бойынша. Содан соған себеп болған мән-жайлар бойынша ұсыныс жолдап отырамыз.

Шымкентте жолдардың сапасына қатысты да сын көп. Былтыр 54 мың шаршы метр жолдың сапасыз салынғаны анықталды.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу