«Қарағанды-Балқаш» автобанының құрылысы тура бір жылға кешікті. Биыл күрежол толық ашылып, жүргізіушілер жол азабынан құтылуы тиіс еді. Алайда, қымбатшылықтың кесірінен жоба қайта қаралатын болды
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Жыл соңына дейін автобанның 4 жолағы түгел асфальтталып бітуі тиіс. Биыл Балқаш өңірінде ауа-райының жылынуына байланысты құрылыс жұмыстары ерте басталып кетті. Бұған дейін екі жылғы пандемия, құрылыс материалдарының қымбаттауы кестеден бір жылға кешігуге әсер еткен болатын. Қазір қымбатшылықққа байланысты жобалық-сметалық құжатқа өзгерістер енгізу жалғасуда.Ал мердігерлер уақыттан ұтылмас үшін жұмысты өз күштерімен атқаруда.
Карантин кезіндегі шектеулерден тыс, қымбатшылыққа байланысты сұралған қаражаттың негізді екенін нақтылау үшін жүргізілген аудиттік тексерулер де жұмысты айтарлықтай тежеген. Уақытты тиімді пайдалану үшін құрылысшылар қажетті материалдарын қыста дайындап қойыпты.
Мұсабек Манаш, бас мердігерлік компанияның өкілі:
Өз ақшамызбен ертерек жобаны аяқтау үшін жұмыс істеп жатқан жағдайымыз бар. Жобалық-сметалық құжаттағыдан қазірге дейін құрылыс материалдары 35-50 пайызға дейін қымбаттап кетіп отыр. Тапсырыс берушілерге, министрлікке өзіміздің мәселемізді айттық. Қазір мемлекеттік сараптама жүруде. Нәтижесі оң болады деп сенеміз.
Күрмеуі қиын күрежолдың құрылысы өте баяу жүруде. Мамандардың айтуынша былтыр тек 70 шақырымға ғана асфальт төселіпті. Айналма жолдар бұрынғыдан азайған. Десе де қиыршық тас пен ой-шұңқыр дөңгелек пен қосалқы бөлшектерді шыдатпайды,-дейді жол азабын тартқан жұрт.
Елдос Жәкеев, көлік жүргізушісі:
Көлікке де обал. Өзіміздің де қалтамызды тесіп бара жатыр шыны керек. Міне, салдырлатып келе жатырмыз қазір осы уақытта. Баллондар жарамсыз болып қалады. Жаңадан алған баллондарды тастар жыртып-жыртып тастайды.
«Қарағанды-Балқаш» автобанының жалпы ұзындығы 363 шақырым. Жоба құны 248 миллиард теңгеден асады. Жолдың қос бағытын есептегенде жалпы үзындығы 726 шақырым биыл түгел асфальтталу керек. Әзірге бұл жұмыс 70 пайызға ғана орындалған. Арқаның жазы тым қысқа, әрі жаңбырлы болғандықтан құрылысшыларға жұмыс қарқынын арттыруға тура келеді.
Дамир Ошақбаев, техникалық бақылау инженері:
Биыл Алла жазса үлгереміз 4 жолаққа асфальт салып. Материал сапасы барлығы жобаға сәйкес келеді. 600 тоннаға бір проба алып, сапасын зертханада қараймыз.
Қазір құрылыс басында 300-ден астам техника жүр. Жұмыс күші жетпесе жол бойындағы елді мекендердің тұрғындары көмекке келеді.
Руслан Нұрланұлы