Қызылордада 300 млн теңгеге жөнделген стадион 2 жылдан бері кәдеге жарамай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада 300 млн теңгеге жөнделген стадион 2 жылдан бері кәдеге жарамай тұр

12.04.2023

Қызылордада 300 миллион теңгеге жөнделген «Локомотив» стадионы екі жылдан бері кәдеге жарамай тұр. Себебі, жаңадан төселген жасанды алаң әлі күнге дейін дайын емес. Оның сапасы да спорт мамандарын алаңдатып отыр. Ал, футбол мектебіне қатысатын 500-дей бала үй арасындағы шағын алаңдарда жаттығуға мәжбүр.

Стадионның жаңа жасанды алаңы 2020 жылдың күзінде төселген. Бірақ, сапасыз салынғаны сонша кей жерлері ұзаққа жетпей бір-бірінен ажырап қалған. Қазір жұмысшылар әр жерін жамап, қайта қалпына келтіріп жатыр.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Жасанды алаңның тегіс емес екенін төсеніштің сызықтарынан-ақ байқауға болады. Әр жері ойдым-ойдым. Тіпті, резеңке ұсақтары мен кварц құмы өз мөлшерінде салынбаған. Ал мынадай жылжымалы қақпа футболшылардың жарақат алып қалуына қауіп туғызады дейді мамандар.

Осындай өрескел кемшіліктерден 6-шы мамандандырылған спорт мектебінің шәкірттері опық жеп отыр. Мұнда жаттықтырушылар 500-ден аса балаға үлкен футболдың қыр-сырын үйретуі тиіс. Бірақ, жас аяқдопшылар екі жылдан бері стадионда емес көпқабатты үйлердің ауласындағы шағын алаңдарда доп теуіп жүр.

Абдулрасул Құрақбай, жас футболшы:

Сол үлкен алаңда ойнап, дайындалып жүрген кезде балдар басқаша ойнайтын. Қазір кішкентай алаңда ойын өзгеріп кетті. Көбіне шағын футболға қарай көңіл бөліп кеттік. Көбісінің осындай алаңдарда істеген соң ата-анасы қарсы болып жатыр.

Білікті жаттықтырушы Кеңесбек Исаев Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыбергеннің алғашқы бапкері. Талай футбол шеберлерін баптаған маманды қазіргі балалардың үй ауласында жаттығып жүргені қатты қынжылтады.

Кеңесбек Исаев, жаттықтырушы:

Стадионда істеген алаңда мына балаларды шығаруға өте ауыр ана алаңда. Ертең балалардың бір жері сынуы мүмкін. Өйткені, өте сапасы нашар. Енді екі жыл болды қазір қисайып кетті. Оны жөндемей ол алаңға балаларды кіргізуге болмайды әлі.

Ал жасанды алаңды салған мердігер компанияның жұмысына қатысты құзырлы органдар бір жылдан аса тексеру жүргізіп, ешқандай заңбұзушылық таппапты. Олқылықтары көзге көрініп тұрса да, салаға жауаптылар нысанды қабылдап алған.

Қуаныш Өтегенов, Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Шығын мемлекетке ешқандай анықталған жоқ. Бәрі жоба бойынша салынған. Біз құрылыс басқармасы тапсырыс беруші ретінде қабылдап алдық.

Биыл бұқаралық және балалар спортын дамытуға басымдық берілмек. Сондықтан, сыны көп стадионның кем-кетігі түзелмесе, жаңа футбол алаңы жамап-жасқалған күйі қалатын түрі бар.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу