ШҚО-да ғимараттардың көбі бас жоспарсыз салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да ғимараттардың көбі бас жоспарсыз салынып жатыр

11.04.2023

Шығыс Қазақстан облысындағы ірі қалаларда ғимараттар бір-біріне өте жақын салынып жатыр. Кейбір нысандардың өте тығыз салынуынан арнайы қызметтің көліктері де өте алмайды. Бұл тұрғындарға да қолайсыздық туғызып отыр. Сондықтан сәулет саласының сарапшылары әкімдіктерге көпқабатты нысандар құрылысын ерекше қадағалуға алуды сұрап отыр.

Олжас Керейхан, тілші:

Бес қабатты тұрғын үй мен сауда нысанының арасы 10 метр де болмайды. Ортасынан жеңіл көліктің өзі әрең өтеді. Соңғы жылдары Өскеменде дәл осылай бір-біріне мінгестіріп салынған және қазір тұрғызылып жатқан құрылыстар жүздеп саналады. Олардың тоқсан пайызы коммерциялық бағыттағы нысандар.

Сауда үйлері бірінен соң бірін салынғанымен, кәсіпкерлердің көбі оның қасына балалардың ойын алаңын салуға құлықсыз.

Шынар Дүйсенғалиева, қала тұрғыны:

Осы қаптаған сауда үйлердің салынуына жердің қалай берілгенін заңды ма, заңсыз ба соны тексерсе деп ойлаймын.

Сәулет және қала құрылысы басқармасындағы мамандар барлық ғимарат қаланың бас жоспарына сай салынып жатқанын айтады. Ал Өскеменнің бас жоспарын Үкімет 2035 жылға дейін бекітіп тастаған. Алайда сәулет саласындағы сарапшылар ол құжатты қайта қарап өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Сәулетші Аяжан Айтқазинаның айтуынша, көпқабатты үйді салғанда әр тұрғынға ауладан төрт шаршы метр жер тиетіндей болуы шарт. Ал қазір бұл ереже үлкен қалаларда мүлде ескерілмейді.

Аяжан Айтқазина, сәулетші:

Ғимараттарды жобалаған уақытта міндетті түрде ғимараттардың тұрғын үй бөлмелерінің, терезелерінің өлшемдері ескеріледі. Салынатын үйдің тұрғындарына арналған автотұрақ міндетті түрде жобалану керек.

Өңірдегі 192 елдімекен мен төрт қалада тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың ретсіз салынатыны анықталды. Өйткені оларда бас жоспары әлі жаңаратылмаған.

Талапжан Қауашов, облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

Бұл жер қатынастары сәулет және қала құрылысы саласында мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде проблемалар туғызады. Ретсіз және нүктелік құрылысқа әкеледі. Сондай-ақ бүгінгі күні Өскемен қаласының аумағындағы салынған және жоспарланған құрылысқа талдау жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша нүктелік және тығыз құрылыстарды одан әрі болдырмау жөнінде кешенді шаралар қабылданатын болады.

Бұған дейін салынып, пайдалануға берілген нысандар құжаты дұрыс болса тексерілмейді. Енді бой көтеретін құрылыстарға жер телімдері жаңартылған бас жоспарға сәйкес және тек геоақпараттық жүйе арқылы берілмек.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу