Түркістан облысында жанар-жағармай өнімдері әлі де тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жанар-жағармай өнімдері әлі де тапшы

10.04.2023

Түркістан облысында жанар-жағармай өнімдері әлі де тапшы. Дизель отыны мен автогаз іздеген жүргізушілер бекеттерді шарлап, тапқанның өзінде сағаттап кезек күтуде. Отынды заңсыз шекара асырып жатқандар да жағдайды ушықтырып тұр. Қазір өңірдегі жанар май сататын бекеттер жаппай тексеріліп жатыр.

Жүргізушілердің жанар май бекетіндегілерге өкіпесі қара қазандай. Себебі, сағаттап қаңтарылып тұрған көлік иелері жұмысымыз тоқтап қалды деп қынжылады.

Асқар Салыбаев, жүргізуші:

Мәшинемізді тоқтатып қойдық қазір. Мен өзім жұмыссыз қалдым, шынын айтайын. Талонмен картояка сұрайды. Ол бізде өмірімізде көрген нәрсе емес.

Өркен Айтуов, жүргізуші:

Солярканы безлимит құйып жатыр, құйып жатқан жерде қымбат бағада құйып жатыр. 280 теңгелден бастап, осы екі-үш күннің ішінде 295-ке көтеріп тастаған жағдайы бар. Бұдан да кейін көьеріледі деген сыбыс шығып жатыр. Енді амал жоқ, бала-шаға бағу үшін құйып жатырмыз.

Бірнеше аптадан бері өңірде сұйытылған газ да тапшы. Қазір облыстағы 300-ден аса бекетте газ жоқ немесе шектеу қойылған.

Қажыкен Түймебаев, жүргізуші:

Жоқ дейді. Одан кейін лимит бітіп қалды деп айтады. Күніне өздері қойып алған лимиттері бар. Тонна ма, екі тонна ма. Сол тоннаны құйып қойдық болды, газ жоқ деп айта салады.

Қазір облыс аумағында құқық қорғау органдары қызметкерлерінен 3 мобильдік топ құрылып, барлық бекеттер тексеріліп жатыр. Алғашқы топ Түркістан мен Шымкент аралығындағы бүкіл жанармай құю бекеттерінде болды.

Көлеңкелі бизнес дизель тапшылығына әкеп соқтыруда. Наурыз айында заңсыз тасымалға қатысты 300-ге жуық дерек тіркелген. Ал, сұйытылған газдың мәселесі жуық арада шешіледі деп сендірді мамандар.

Қуаныш Өмірәлиев, Түркістан облыстық ТҮКШ бөлім басшысы:

Көліктер үлгермей жатыр бұл жерде. ГНС-тердің бүкіл заправкалерге көліктермен тасиды. Мысалы әр заправканың көлемі 5-10 кубтан. 5 кубыңыздың өзіне 50 мәшинені, 100 мәшинені заправить етсе, жетімсіз болады. Өйткені, газель мен жеңіл мәшинелердің обьемдары үлкен.

Яғни, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты сегізінші сәуірден іске қосылып, барлық бекеттерге автогаз жеткізіліп жатыр. Сондықтан жағдай екі-үш күнде реттелуі мүмкін.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу