Басты Жаңалықтар Шетелде емделуге жинаған ақшасынан айрылып қалғандар көбейді

Шетелде емделуге жинаған ақшасынан айрылып қалғандар көбейді

Соңғы жылдары әлемде медициналық туризм, яғни емделу мақсатында өзге елге бару қарқын алды. Ал отандастарымыз тек дем алу үшін емес, ем алу үшін де ең көп баратын ел – Түркия. Алайда шетелде емделуге деп тірнектеп жинаған ақшасынан айрылып қалғандар көбейіп барады. Обал-сауапты білмейтін алаяқтар балаңды емдетіп береміз деп талай адамның көз жасына қалуда. Мұндай жылпостардан қалай сақтану керек. Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы зерттеп көрді.

Тағдырдың сынағына сынбай, өнерін дамытып жүрген Ақерке 17 жылдан бері арбада отырады. Дәрігерлер церебралды сал ауруы деген диагноз қойған. Анасы қызын аяққа тұрғызу үшін қаратпаған жері жоқ.

 Гүлсағия Мамырбаева, Ақеркенің анасы:

Белі спайка болып қалғанын, оны ашпайынша бұл өспейтінін, жүрмейтінін естіп, Түркияның врачтарымен консультация алып келіп отырымыз Стамбулға. Бір емес екі отасы болды. Аллаға шүкір көп рахмет. Омыртқаларының бәрін ашып, тазалап, баланың өсуіне еш кедергі жоқ деді. Сәтті өтті оған қуаныштымын.

Қызымның операциясы сәтті өтті деп қуанып отырған анасы емге деп жинаған бірнеше миллион теңгесінен әп сәтте айрылып қала жаздағанын да айтады. Қолдарында қомақты қаражат бар екенін білген алаяқтар ақшаңды бізге беріп қой саған көмектесеміз деп алдаған.

Гүлсағия Мамырбаева, Ақеркенің анасы:

Операциясына ақшасы жетпей жатыр екен деп алаяқтар шығып жатыр екен. Ешқандай ақша жинап жатқан жоқпыз. Біз қаншама адамдарға алдандық. Біз сіздерге көмектесеміз маған ақшаңды беріп қой, алдын ала мың доллар беріп қой договор жасап қоямыз деген адамдар да болды.

Сәтжан Тоқтарбай, медициналық компания басшысы:

Қазақстаннан пандемиядан кейін емделуге келетіндер саны өте көбейді. Бірақ емделушілер көбейгеніне байланысты делдалдар да көбейді. Докторды дұрыс таңдаңыздар, ұйымдастыратын адам маңызды. Есіктен кіргізіп тастап есіктің сыртында отырып ұйымдастыратын делдалдан алыс болыңыздар, себебі олар клиниканың бағасын қосып айтады үстінен ақша жасайтындар.

Ресми статистикаға сай, өткен жылы Түркияға ем алу үшін 20 мыңға жуық Қазақстан азаматы келген. Олардың нешеуі емделді, нешеуі алданды, ол туралы нақты мәлімет жоқ. Дегенмен мамандар шетелге емделуге келгенде тек ресми тіркелген компаниялармен жұмыс істеу керектігін айтады.

Айдос Әшімұлы

Бөлісу