Шымкентте «Ерлік» мұражайы қараусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте «Ерлік» мұражайы қараусыз қалды

07.04.2023

Шымкент қаласындағы «Ерлік» мұражайы аға буынның батылдығы мен қайсарлығын дәріптейтін орын емес, немқұрайлылық пен жаныашымастық жайлаған нысанға айналды. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысынан мұраға қалған мәдениет нысаны әлі күнге қараусыз. Қыс бойы жылытылмаған мұражайдың төбесінен су ағып, күні бүгінге дейін есігінен қара құлып алынбай келді.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Мұражайдағы жәдігерлердің біразы сөреде емес қазір жерде жатыр. Олардың арасында майдангерлердің суреті, өмірдерегінен бастап, олардың ерлігі мен батырлығын дәріптейтін мынадай көркем дүниелерге дейін бар.

Кеңес Одағының батыры атанған мына бес азаматтың суреті де мұражайдың табанында тұрғалы біраз болған. Беттеріне әк шашырап, шаң басып қалған. Ал экспонаттар тұрған бөлмелердің жағдайы тіпті аянышты. Шатырдан аққан судың астына шелек тосып отыр. Түсқағаздар жыртық-жамау.

Ғалымжан Майқанов, қалалық ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы:

Аталарымыздың, ағаларымыздың ерліктерін дәріптеу үшін салынған мұаржай еді. Ал қазіргі жағдайын көретін болсақ жастарды алып келіп не көрсетеміз? Қандай патриоттық сезім алады олар? Жаны ашымастық бер жағындай айтылған сөз шығар. Мынау тарихты қорлау, аталарымызды қорлау.

«Ерлік» мұражайына еліміздің түстігінен екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлерден бөлек, Ауған соғысы ардагерлері, Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың деректері мен оларға қатысты 4 мыңнан астам жәдігер жинақталған. Нысан Шымкент қаласы мәдениет басқармасының меншігінде. Маңдайшасында осыдан бес жыл бұрын таратылған Оңтүстік Қазақстан облысы деген атау сол күйі тұр.

Мария Асқарова, саяси қуғын-сүргін мұражайының директоры:

Білесіздер басшылар соңғы кезде құпия емес ауысып кетіп жатыр. Барлық есеп қисабы жасалынды. Осы сессияда қаралады деп айтылған. Енді нәтижесін күтіп отырмыз.

Мұражайды бір жыл бойына күтіп ұстауға небәрі 2 миллион, жалақы қоры үшін 12 миллион теңге қажет. Бірақ «Ерлік» үшін әкімдікте кеңдік болмай тұр. Есесіне айналдырған бес жылдың ішінде Шымкентте мәдениет басқармасының басшысы алты рет ауысты.

Ғани Қалмахан


Хабарламаларға жазылу