Петропавлда аялдамалар қараусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда аялдамалар қараусыз қалды

07.02.2018

Петропавлда миллиондаған қаржыға орнатылған аялдамалар қараусыз қалды. Көпшіліктің игілігіне деген нысан көшедегі қаңғыбастардың панасына айналған. «Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығынан қорғайтын «ақылды аялдамалардың» қазір сұрқы жергілікті билікті алаңдатар емес», - дейді наразы тұрғындар.

Самат Сапаралы, тілші:

- Осыдан бірнеше жыл бұрын қала әкімдігі петропавлдықтарға сыйлық деп, жылы аялдамалар орнатқан болатын. Алайда, бүгінде бұл дүңгіршіктерге ешкім де кіре қоймайды. Өйткені, мұнда ауа температурасы даладағыдан ешқандай да айырмашылығы жоқ. Электр тоғынан ажыратылған, сәйкесінше, жылу беретін пеш те істемейді, терезелері қырау басқан. Қалалық әкімдік бар мәселені аялдаманы орнатқан серіктестікке жүктеп отыр. Олардың айтуынша, кәсіпорын коммуналдық қызмет ақысын төлемей қойған.

Ержан Ақанов, қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бұл аялдамаларды «Эко север» серіктестігі жеке қаражатына орнатып, өз  балансына алған. Мир көшесіндегі аялдама кәсіпорынның жарық төлемін төлемегені үшін тоқ көзінен ажыратылды. Қазір қарызды өтеу мәселелері қарастырылып жатыр.    

Ал, серіктесік өкілдері әкімдікпен жасалған келісімшартқа сәйкес біз  аялдаманың тазалығы мен күзетіне ғана жауаптымыз, коммуналдық төлем төлеуге міндетті емеспіз деп отыр. Өткен жылы бұл аялдамаларға Wi-Fi, электронды кітапхана орнатып, ақын жазушылардың кітаптары қойылған болатын, қазір олардың орны да қаңырап бос тұр.

Қалалық әкімдік қызметкерлерінің сөзінше, қазір Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясымен қысқы уақытта жарықты қосу туралы келіссөздер жүргізіліп, мәселе алдағы аптада шешімін табады.

Самат САПАРАЛЫ

Хабарламаларға жазылу