Теңіз мұнай кешенінің құрылғанына 30 жыл болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңіз мұнай кешенінің құрылғанына 30 жыл болды

06.04.2023

«Теңізшевройл» компаниясы бүгінге дейін ел экономикасына 176 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы аударған. Бұл туралы 30 жылдыққа орай Атыраудағы бас кеңседе өткен салтанатты жиында айтылды. Басқосуға қара алтын секторының қайраткерлері мен мердігер мекеме басшылары және Үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Теңізшевройл- ордалы отыз жылда ел игілігі үшін іргелі істерді жүзеге асырды. Компания Үкіметтік емес ұйымдар үшін донорға айналды. 13 жылдың ішінде 14 млн долларға 108 әлеуметтік жоба орындалды. Тек 2022 жылдың өзінде 100 мыңнан астам азамат 14 әлеуметтік жобаның игілігін көрген.

Гүлназ Қосмурзиева «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының жетекшісі:

Компания Теңізшевройлға көп-көп рақмет. Мүгедектігі бар адамдарға поддержка беріп жатыр. Біздің жігіттер қыздар үйлерінен шығып, қоғамға қосылып, жаңа өмірлері басталып жатыр. Осы проекті болмағанда біздер ондай нәтижеге жетпейтін едік.

«Игілік» – тек халықтың мүддесі үшін қанат қаққан бағдарлама. Әлеуметтің әлеуетін көтеріп, инфрақұрылымды дамыту басты назарда тұр. Бастапқы бюджеті 4 млн АҚШ долларын құрады. Ал қазір ТШО жыл сайын бұл бағытта 25 млн доллар жұмсайды. Нәтижесінде, білім, денсаулық, мәдениет, спорт, туризм сияқты салалар – қайта түлеп, жүзден астам жаңа нысан бой көтерді.

Серік Шәпкенов, облыс әкімі:

Қазіргі таңда қазақстандық кадрлардың үлесі 90 пайыздан компанияда. Және де бұл тек қана қарапайым жұмысшылар емес, топ менеджерлерді даярлап, осы жерге әкеліп, солар жұмыс істеуде.

Компания – ел үшін атқарған бірегей істері үшін «Парыз» ұлттық байқауының 2 мәрте лауреаты атанды.

Жандос Темірғали, тілші:

 «Игілік» бағдарламасы жүзеге асқан 24 жылдың ішінде 300 млн АҚШ долларынан астам қаржы игерілді. Нәтижесінде, 100-ден астам жоба орындалып, дәрігерлер, мұғалімдер мен техникалық мамандар үшін мыңдаған жаңа жұмыс орны құрылды.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу