Қарағанды облысында сабын шығаратын цех ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында сабын шығаратын цех ашылды

05.04.2023

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданынан қарасты Жаңатоған ауылында кір сабын өндіретін цех ашылды. Кәсіп иелері алдымен арнайы курс оқып, қажет қондырғыны сатып алған. Табиғи таза өнімге сұраныс жоғары. Сиыр, қой және ешкінің іш майы. Бұл кір сабын жасау үшін қажет ең негізгі шикізат. Алдымен оны арнайы бөшкеге салып ерітіп, кейін сұйық май мен химиялық қоспалар қосады. Әбден иленген соң қалыпқа құйып, 8-9 сағат бойы қатырып қояды.

Думан Қожекин, кәсіпкер:

Ауылдың азаматтары, тұрғындары өздері бізге әкеп тапсырады. Орнына сабын, ақшасын алады. Әйтпесе, кейбіреуі қолдау көмек ретінде беріп кетіп жатыр.

Ендігі жұмысты мына әмбебап қондырғы атқарады. Оны Қырғызстаннан өз қаражаттарына сатып алған. Шикізатты екі рет айналдырып,әбден жұмсартып алады. Кейін тартылған өнімді нығыздап, пішінге келтіріп, сабын шығарады.

Мейірлан Бодау, кәсіпкер:

Аппараттың ерекшелігі екі қызмет атқарады. Бірінші сабынды қатты күйінде келгенде, оны езіп шығарады. Ал екіншісімен сабын шығарады.

Шағын цехта күніне мың дана сабын шығаруға болады. Алдағы уақытта бұл межеге де жетеміз деп отыр қос кәсіпкер. Себебі отандық өнімге сұраныс жоғары.

Рауза Қадырбекова, Жаңатоған ауылының тұрғыны:

Ең алғаш сабынды пайдаланған менмін. Алғаш өнім шыққанда печатын басқанда менмін. Үйге апарып жуып көріп ем көпіргені барлығы әдемі болды. Өзіміздің ауылдан шыққан нәрсе ыстық, құнды болады ғой. Өте жақсы әсерде болдым.

Жас кәсіпкерлер болашақта иіс сабын мен сусабынның да бірнеше түрін шығармақшы. Ол үшін мемлекеттік бағдарламаға қатысып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізуге ниетті. Былтыр Қарқаралы ауданында 20 адам өз ісін дөңгелетуге жеңілдетілген несие алған. Тағы 13 жас кәсіпкер аудан әкімінің грантына ие болған. Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары биыл да жалғасады.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу