Бүгін ұялы телефоннан алғашқы қоңырау шалынған күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін ұялы телефоннан алғашқы қоңырау шалынған күн

04.04.2023

Бұл күн тарихта ұялы телефоннан алғаш рет қоңырау шалынған күн ретінде есте қалды. 1973 жылы алғашқы мобильді аппарат жасалып, 11 жылдан кейін қолданысқа берілген еді. Толығырақ Арай Төлегенқызының бейнематериалында.

Осыдан 50 жыл бұрын ұялы телефоннан алғаш рет қоңырау шалынды. Ал мұны жүзеге асырған – Марти Купер есімді өнертапқыш. Ол сол кезде «Моторолла» компаниясының инженері болған. Марти 1973 жылдың дәл осы күні Нью-Йорктегі алтыншы авеню бұрышында тұрып, мобильді телефон жасаудан басты бәсекелесі Джоэль Энгельге хабарласқан.

Марти Купер, өнертапқыш:

Мен оған: Джоэль, мен саған нағыз ұялы телефоннан қоңырау шалып тұрмын» дедім. Желінің ар жағында үнсіздік орнады. Қызғаныштан іші күйген болуы керек.

Тарихи сәтті 94-жастағы Марти осылайша күліп еске алады. Ол әріптестерімен жасап шыққан Motorola DynaTac 8000x телефоны болатын. Құрылғы бірнеше мәрте жетілдіріліп, 1984 жылы сатылымға шықты. Алғашқы бағасы - 4 мың доллар. Бұл аппаратты қазір ұялы телефондар мұражайынан көруге болады.

Марти Купер, өнертапқыш:

1973 жылы интернет, сандық камера, интегралды схемалар болған жоқ. Біз сол ұялы телефонды өте көп жекелеген бөлшектерден құрастырдық. Қуаттау уақыты - 10 сағат, салмағы 1 келіден көп, ал қуаты 25 минут әңгімелесуге жететін.

Купер телефондар қазіргідей суперкомпьютерге айналатынын сол кезде тіптен күтпегенін айтпады. Заманауи мобильді аппараттарға қатысты пікірін де білдірді.

Марти Купер, өнертапқыш:

Қазіргі телефондар жақсы жасалған деп айта алмас едім. Пластмасса мен шыныны құлаққа тақап, қолға ұстауға ыңғайсыз.

Өнертапқыш технология одан әрі дамып, телефондар адамның өмір сүру сапасын жақсартуға айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді.

Арай Төлеген

Хабарламаларға жазылу