Астанада бүтін бір көшенің тұрғындары қатерлі ісікке шалдыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада бүтін бір көшенің тұрғындары қатерлі ісікке шалдыққан

04.04.2023

Астанада бүтін бір көшенің тұрғындары қатерлі ісікке шалдыққан. Жұрт 25 жылдан бері үйдің дәл түбіне тұрғызылған жоғары кернеулі бағаналардың зардабын осылай тартып келеміз дейді. Тоқтың кесірінен денсаулығы сыр беріп, қайтыс болғандар да бар. Өздерін қауіпсіз аймаққа көшіруді талап еткен тұрғындарға әкімдік не деп жауап берді?

Айя Мүтәлі, тілші:

Мұндай жоғары кернеулі электр желісінің маңынан жүріп-өтудің өзі қауіпті. Ал мұндағы жұрт жанынан өтпек түгілі, осы қауіпті тоқтың астында 25 жылдан бері өмір сүріп келеді. Бір қызығы, бұл бір ауыл емес, Астананың оң жағалауындағы көрініс.

Бұл көшедегі барлық үйде онкологиялық дертке шалдыққан адам бар. Тіпті о дүниелік болып кеткендер де жоқ емес. Жоғары кернеулі электр желілерінің кесірінен мүгедек арбасына таңылдым дейтіндер де баршылық. Соңғы жылдары тіпті сал ауруымен туылған балалар көбейген.

Сансызбай Тоқтамыс, Астана қаласының тұрғыны:

Мен онкологиямен 2 жыл болды ауырғаныма. Емделіп жүрміз. Әлі химияны жалғастырып жатырмыз. Мүгедектік 2-ші группа менде. Жарықтың зияны бар. Айтты оны анықтап. Үйде тағы апамыз бар. Ол кісі де онкология.

Арайлым Сайдалина, Астана қаласының тұрғыны:

Қазір балалардың да, үлкендердің де шаштары түсіп жатыр. Менің 15 жасар қызым бар. Колледжде оқиды. Қызымның да шашы түсіп жатыр.

Бағаналардың кейбірі құлауға шақ тұр. Жауаптылар оны жаңадан тұрғызудың орнына ескісін жамап-жасқаумен әлек. Ал қауіпті аймақта балалар ойнайды. Ата-ана тоқтың сымы үзіліп кете ме деп күнде үреймен жүруге мәжбүр.

Тоқтар Әлжанов, Астана қаласының тұрғыны:

Мына бағана көріп тұрсыздар, құлайын деп тұр. Бұл құласа, мына жерден неше түрлі адам өтеді. Қауіпті нәрсе ғой. Қыста боранда мына жер шайқалады. Қорқамыз, үйден шығуға қорқамыз.

Ал қауіпті сымдар көшенің үстінен ғана емес, жердің астымен де жүргізілген. Қар еріп, жаңбыр жауған күні мұндағы жұрт тоққа күйіп қаламыз ба деп алаңдайды.

Тұрғындар көшіп кетейін десе, қауіпті аймақта салынған баспананы сатып алатын ешкім жоқ. Ал үйді жөндеу мүмкін емес. Іргетасы сыз тартып, қабырғалары үгітіліп жатыр.

Жоғары кернеулі бағаналардың талапқа сай еместігін жауаптылар жақсы біледі. Электр желілеріне жауапты компания қызметкерлері баспаналар мен мұндай қауіпті бағаналардың арақашықтығы кемі 20 м болу қажет екенін мойындайды.

Дидар Абилов, Ақмола электр желілік компаниясы бас инженерінің орынбасары:

Кезінде салынған кезде түгелі болды мұнда. Мына қақпалар қосымша салынған нәрселер. Ана көшеге шықсаңыз, онда да қосымша үй салғандар бар. Талапқа сай емес.

Ал әкімдік қауіпті бағана өтетін көшеден 14 үй ғана көшіріледі дейді. Жоба дайын. Тек қаржы бөлінуін күтіп отыр.

25 жылдан бері шешілмеген мәселе осылайша 1 айдың ішінде шешілмек. Әкімдік жұртты осылай деп сендіріп отыр. Ал тоқтың зардабын әбден тартып келген халықтың күтуден басқа амалы жоқ.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу