Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілуі оның орнын айқындап берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілуі оның орнын айқындап берді

31.03.2023

«Ғылымның түйткілін ғалым ғана біледі». Президент жарлығымен Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебенің берілуі отандық ғылымға көрсетілген үлкен қолдау дейді ғалымдар. Ендігі жерде әлемнің барлық жетекші елдеріндегі сияқты академия мүшелерінің де мәртебесі артады. Қара шаңырақ Ұлттық ғылым академиясын 20 жылдан бері басқаратын белгілі ғалым Мұрат Жұрынов бұл жаңалық орнымызды айқындап берді дейді. Ғылыми сараптаманы жүргізу, гранттық қаржыландыру мәселесін шешу Ұлттық ғылым академиясының құзіретіне берілуі керек деген пікірде.

Мұрат Жұрынов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:

Қазір біз тікелей Президенттің қарауында боламыз. Көптеген біздің мәселеміз, талабымыз, ұсынысымыз Президенттің құлағына жетеді деген сөз. Ең бастысы, осы. Ғылым академиясы ғылымның өсуіне, дамуына, ғылыми жобалардың өндіріске енгізіліп, Қазақстанның қаржы қоржынына табыс түсіруі үшін құқығы болуы керек.

Академия бұдан былай әлеуметтік-экономикалық дамуға сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық, инновациялық, стратегиялық, іргелі және қолданбалы зерттеудің басым бағыттарын айқындайтын ұсыныстар әзірлейді.

Нұрлан Темірбеков, физика-математика ғылымдарының докторы:

Ғылымға қаражатты көбейтіп, көңіл бөліп жатқанын дұрыстап пайдалануымыз керек ғалымдар. Ғалымдар өздерінің жұмыстарын жаңа деңгейде ұйымдастыру керек. Әлемдік деңгейде ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Елімізге пайдалы ғылыми жобалар, жаңа технологиялар жасалады деген ойдамын. Сенімдімін оған.

Мамандар кез-келген елдің дамуы ғылымның деңгейімен айқындалады дейді. Академияда мықты, талантты ғалымдар шоғыры қалыптасқан. Президент бастаған реформаның іске асуы үшін ғалымдарға үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу