Көмекке мұқтаж жандарды қолдау шаралары ары қарай жалғасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көмекке мұқтаж жандарды қолдау шаралары ары қарай жалғасады

30.03.2023

Армандар орындалады. Әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлердің тілегі назардан тыс қалмайды. Ұлыстың Ұлы күні басталған «Жүрек жылуы» акциясы әрі қарай жалғасын тауып келеді. Ұйымдастырушылар көмекке мұқтаж жандардың ұсынысын тек мереке күндері ғана емес басқа да уақытта қабылдауға дайын екенін хабарлады. Президенттің аманаты иесіне жетті. Ол 68 жастағы Астана тұрғыны Гүлжахан Сыдықова. Зейнеткер он бес жылдан бері қан қысымының жоғарылуы диагнозымен есепте тұрады. Екі рет инфаркт алған. «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы туралы әлеуметтік желіден оқып, талаптарымен танысқан соң өтінішпен қоса денсаулығы туралы анықтамасын жіберген.

Гүлжахан Сыдықова, зейнеткер:

Тонометрім сынып қалға болатын, жел жіберіп. Тонометр сұрап көрейін дедім. 22 наурыз күні үйге таңертең ондарда әкімшіліктің адамдары қоңырау шалды. Мен біріншісінде сенген жоқпын. Жігіттер келіп алып кеткенде үй киіммен отырған едім. Маған Президенттен деген кезде не айтарымды да білмей қалдым. Ондай кезде адам қобалжыйды ғой.

Кейуана Президентке де, еріктілерге де ризашылығын білдірді. Денсаулығы сыр берген Гүлжахан Сыдықоваға қала әкімдігі материалдық көмек көрсетіп, шипажайға жолдама берген. Акцияны ұйымдастырушылар «Астана жастары» мекемесінің еріктілері. Қазірге дейін қазақстандықтардан жалпы саны 300-ден астам хат келіп түсті. Волонтер Мерей Қалелдің айтуынша, тұрғындардың көбі музыкалық аспаптар мен медициналық құралдар сұрайды.

Мерей Қалел, волонтер:

Әлеуметтік осал топтар әлеуметтік желілердегі сілтемеге өтіп, өз ақпараттарын толтыра алады. Сондай-ақ, біздің «Жүрек жылуы» жобасының парақшасына өтіп, сол жаққа да жаза алады. Осы хаттардың бүкілі орындалған соң басқа да жоспарымыз бар.

Елдегі волонтерлік пен қайырымдылықты дамытудың жарқын мысалдарының бірі – жақында ғана зілзаладан зардап шеккен Түркия халқына көрсетілген көмек. Одан бөлек Арыстағы жарылыс, Мақтааралды су басу, Қостанайдағы өрт, пандемия сияқты ел басына қиындық туған кездерде де еріктілер алдыңғы шепте жұмыс істеді. Қазір Қазақстан қайырымдылық бойынша халықаралық рейтингте 40 орында.

Данияр Асылбек


Хабарламаларға жазылу