Шымырлар бар, шынығатын жер жоқ! Жамбыл облысының Түрксіб ауылында чемпиондарды шығарған спорт мектебі апаттық жағдайда тұр. Қазір нысанның 40 пайызығы ғана қолдануға жарамды, қалған бөлігінде не жылуы, не жарығы жоқ. Су да тартылмаған. Данияр Әлімқұл тұрғындар талабын тыңдап қайтты.
Түрксіб ауылында 4 мыңнан аса адам бар. Олар қирап қалған жалғыз спорт мектебін қалпына келтіруді сұрап жүргендеріне біраз жыл болды. 50 жылдық тарихы бар нысанның қабырғасы қақырап, едені опырылған. Тіпті жымысқылар жылу қондырғыларын да жұлып әкетіпті.
Қанат Садырбеков, ауыл тұрғыны:
Ескірген де әлі ремонт көрмеген ғой қанша жыл болды. Жылуы да жоқ. Котельныйын анау, көмірмен жағып жатыр. XIX ғасырда өмір сүріп жатыр әлі.
Сыз тартқан спорт мектебі 40 тонна көмір жағып, қыстан әрең шыққан. Жаттығудан кейін жуынатын бөлменің жағдайы да мәз емес. Спортшылар суды сырттан тасиды. Ал күрес кілемдері әбден тозып кеткен.
Мектеп әу баста 7 спорт түрі үшін ашылған. Бірақ қаңырап қалғандықтан 300 бала тек бокс пен күреске қатысуға мәжбүр. Дегенмен, осындай апатты залда жатығып -ақ, бокстан Азия кубогында алтын алған жігіттер бар.
Алтын Қуанышова, ауыл тұрғыны:
Соғып берсе тіпті жақсы жаңаны. Балалардың доп ойнайтын жері жоқ. Оооу анау жақта барып ойнайды. Ол жақтағылар жекеменшік пе білмеймін. Ойнатпайды. Қайтіп келеді.
Бұл спорт мектебін Жамбыл ауданының әкімдігі 2018 жылға дейін жалға алған. Спорт басқармасының балансына былтыр ғана өткен. Енді жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мердігер анықталып жатыр.
Ернұр Кәрібаев, облыстық Спорт басқармасының бөлім басшысы:
Жалпы жылдан жылға тозығы жете берген ғой спорт мектебінің. Енді бізге келгеннен кейін біз біріншіде ағымдағы жөндеу жұмыстарын өткіземіз деп шешім қабылдаған болатынбыз. Кейіннен тексерген кезде жағдай өте нашар болғаннан кейін, күрделі жөндеуден өткіземіз деп шешім қабылданды. Жобаның құны шамамен 150 млн т. көлемінде болып қалады.
Әзірге жобалық сметалық құжаттарға 6 млн 600 мың теңге бөлінген. Жалпы, облыста 51 спорт мектебі бар болса, оның 6-уы күрделі жөндеуді қажет етеді.
Данияр Әлімқұл