Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 3 ауылдың халқы соңғы 3 күннен бері үйлеріне қонбай, егістіктің басында қарауылдап жүр. Олар елдімекен маңындағы жердің бәрі жыртылып, жайылым мен шабындық қалмағанына наразы. Ал жер иелерінің өз уәжі бар. Қос тарапты Айнұр Әбілқасымқызы тыңдап қайтты.
Бұл Тасқұдық, Сарысу және Құрысай ауылының тұрғындары. Олар елдімекен маңындағы жерді халыққа қайтаруды талап етеді. Себебі, шөп шабатын, мал жаятын орын қалмаған. Сондықтан өндірістік кооперативтің көктемгі дала жұмыстарына барлығы бірігіп қарсылық танытып жатыр.
Төрежан Үсіпханов, Тасқұдық ауылының тұрғыны:
Бұлар техникасын алып кетпей ме, алып кете ме бұл жерді айдатқызбаймыз. 17 жылдан бұлар егеді, бірақ ешнәрсе беріп жатқан жоқ. Не жәрдем бермейді халыққа. Жаңағы сабанын да өртеп жібереді керек десеңіз.
Көгұлы Шерімбетов, Тасқұдық ауылының тұрғыны:
Мал жаятын жайылымымыз жоқ, не мынау жұрт ұқсап егін егіп күн көретін егістік жеріміз жоқ.
Тұрғындардың айтуынша, ауылдардың маңындағы мыңдаған гектар жерді 10-ға жуық қожалық меншіктеп алған. Кәсіпкерлер өздеріне тиесілі аумақта айналдыра ор қазып тастаған.
Айнұр Ақбаева, тілші:
Ауылдарды айнала қазылған шұңқырлардың тереңдігі екі метрден асады. Мұнда түскен төрт түлік өздігінен шыға алмай, мертігіп жатады. Жерін қызғыштай қорып ор қазғандардың әрекетіне ауыл тұрғындары наразы болғанымен құлақ асқан ешкім жоқ.
Ал жер иелері егістік пен жайылымдарды 2005-ші жылы заңдастырып алғандарын алға тартып отыр. Қолдарында заңды құжаттары бар. Жылда егін егіп, салық төлейміз дейді. Бірақ былтырдан бері жергілікті халық жұмыс істетпей жатыр деп шағымданды.
Нұржан Садырбай, Өндірістік кооператив заңгері:
Ауыл тұрғындарының пай үлестік жерін алған емеспіз. Біз қазірше ондай пікіріміз жоқ, қайтарып беру деген. Біз өз шаруамызды жүргізуіміз керек. «Жабайы ата» өндірістік кооперативіне 40-50 отбасы қарап отыр.
Халық шулаған соң аудандық прокуратура кәсіпкерлерге жер қаншалықты заңды берілгенін тексеретін болды. Оның нәтижесі 2 аптадан кейін шығады. Оған дейін жер жырту жұмысы уақытша тоқтатылды.
Айнұр Ақбаева