Астанада су тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада су тапшы

28.03.2023

Суды үнемдеу керек, ауыз су тапшы! «Астана Су Арнасы» кәсіпорны шаһар тұрғындарына осындай үндеу жасады. Мекеме өкілдері тіршілік көзінің қысымын реттеуге мәжбүрміз дейді. Астаналықтарға бірнеше аптадан бері су тәуліктің әр уақытында әртүрлі қысыммен бірілетін болған. Халық жаппай тұтынатын уақыттарда, яғни таңғы, түскі және кешкі уақытта су қысымы жоғары болады. Ал, қалған уақытта қысым төмендетіледі.

Жауапты компания бұған елордада халық санының өсуі мен қаланың қарқынды дамуы себеп дейді. Тұтыншулардың көп болуынан тәулігіне 20 мың тонна су жетпейді екен. Ресми мәліметке сәйкес, бас қала халқы тәулігіне 318 мың текше метр ауыз су тұтынады. Ал, су қысымын реттеу шаралары жаңа су сорғылау-сүзгілеу станциясы іске қосылғанға дейін жалғасады. Оның құрылысы биыл жазда аяқталады деп жоспарланған.

Талғат Бекмағанбетов, қалалық сорғы-сүзгі станциясының басшысы:

Станцияның қуаттылығы тәулігіне 305 мың текше метр суды ғана тазартады жоба бойынша. Біз қалаға 330 мың тонна су жіберіп отырмыз. Жобадан астам суды беріп отырмыз. Тағы бір станиция керек бір сөзбен айтқанда. Күндіз су беру үшін, түнімен су жинаймыз. Суды жинау үшін қысымды түсіреміз. Қуаттылығы жетпей жатыр.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу