Көкшетауда «Сәлем» халықаралық комедиялық театр фестивалі өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда «Сәлем» халықаралық комедиялық театр фестивалі өтіп жатыр

28.03.2023

Көкшетау қаласында «Сәлем» халықаралық комедиялық театр фестивалі өтіп жатыр. Мерекелік шараға Қырғызстан, Өзбекстан және еліміздің бірнеше театр ұжымдары қатысуда. Көкшенің баурайына келген хас таланттарды өнер сүйер қауым ыстық ықыласпен қарсы алды. Бекзада өнерді қашаннан құрмет тұтқан көзі қарақты көрермен бұл жолы да әртістердің талантына тамсанып, сахна киесін сезінбек ниетте. Өнер бәйгесінде тоғыз аталым бойынша үздіктер анықталады.

Сайфиддин Мелиев, «Тұран» театрының көркемдік жетекшісі /Өзбекстан/:

Қазіргі уақытта комедиялық фестивальдер өте аз ұйымдастырылады. Бұл дұрыс емес. Өйткені, өскелең ұрпақ бұл жанрдың ерекшелігін ұмытпауы тиіс. Сондықтан біз осындай мәдени шараға шақыртуды қуана қабыл алдық. Тәжірибе жинап, біліктілігімізді шыңдауға бұл таптырмас мүмкіндік. Өте қуаныштымын.

Елордадан келген Жастар театры «Пранк Махаббат» қойылымымен фестивалдің шымылдығын ашты. Алғашқы махаббат, студенттік өмір мен мәңгілік бала бейне - қойылым көрермендердің көңілінен шықты. Әртістер сахна төрінде мың бұрала билеп, әуелетіп ән шырқап, жиналған қауымды бір сәтке қайта оралмас жастық шақтың қызығына қайта бөлегендей болды.

Марал Жақыпова, көрермен:

Сондай бір тамаша көңіл-күйде шықтым. Енді махаббатқа әркімнің де бар таласы дейді ғой. Ол әр жасқа да тиесілі. Дегенмен, жастыққа өте жарасымды. Мен Астана қаласының Жастар театрын бұрыннан бері жақсы көремін. Себебі асыл тастан, өнер жастан дейді ғой.

Мәдени шара мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы мен халықаралық театр күніне орайластырылды. Руханияттың алтын ордасы саналатын театр өнерінің саңлақтары алдағы бес күн бойы көрерменге өз қойылымдарын ұсынбақ.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу