Қазақстанда иммун тапшылығы вирусы дендеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда иммун тапшылығы вирусы дендеп тұр

28.03.2023

Елімізде адамның иммун тапшылығы вирусы немесе ВИЧ инфекциясы дендеп тұр. Қауіпті індетті жылына үш мыңнан аса адам жұқтырады. Оның 89,6 пайызы немесе 27 мыңға жуығы 15 пен 49 жас аралығындағы тұрғындар. Мамандардың сөзінше, аймақтар бойынша сырқаттану деңгейі әркелкі. Мәселен, солтүстік пен шығыс өңірде аталған инфекцияны жұқтырғандар саны айтарлықтай жоғары. Ал ең төменгі көрсеткіш Ұлытау мен Қызылорда облыстарында тіркелген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр төрт мыңға жуық адамның иммун тапшылығы вирусына тест нәтижесі оң болып шыққан. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 11,5 пайызға артық. Айта кету керек, өзге адамға инфекцияны қасақана жұқтыру қылмыстық құқық бұзушылыққа жатады. Қылмыстық кодекстің 118-бабына сәйкес, індетті жұқтырғанын бiле тұра басқаға жұқтырса, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу