Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы коммунистік партия комитетінің хатшысы Ма Синжуйді қабылдады. Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықты дамыту жайы сөз болды. Қазақстан Шыңжаң өлкесімен өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм секілді көптеген бағыт бойынша табысты қарым-қатынас жасап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қытаймен стратегиялық серіктестік пен мәңгілік достық рухында жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетуге баса мән беретінін айтты. Мемлекет басшысы барлық деңгейде сенімді саяси диалог қалыптасқанына тоқталып, Қытайды Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі ретінде атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның былтыр қазан айында Қазақстанға жасаған сапары өте сәтті болғанын айтқым келеді. Бұл СOVID пандемиясы салдарынан болған ұзақ үзілістен кейінгі бірінші сапар екенін атап өттік. Біз өте маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Екі елдің үкіметтері мен тиісті аймақ басшыларына ең жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластықтарды табысты жүзеге асыру міндеті жүктелді.
Ма Синжуй, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы:
Менің сапарымның негізгі мақсаты – Қытай Халықтық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мен Сіздің араңыздағы маңызды стратегиялық келісімдерді жүзеге асыру. Біз Қытайдың бір өлкесі ретінде еліміздің батысындағы мемлекеттермен қарым-қатынастарды нығайтуға жауаптымыз. Қазақстан – біз үшін өзара ынтымақтастықтың басым бағыты.
Шерхан Жамбылұлы