Түркістан облысында жаңа мектеп жылуға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жаңа мектеп жылуға жарымай отыр

17.03.2023

Жаңа мектепте жылуға жарымай отыр. Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы Тасқұдық ауылында балалар сапасыз салынған мектепте білім алуға мәжбүр. Жалпы өңірде соңғы екі жылда салынған оннан астам білім ошағында түрлі олқылықтар анықталған.

Тасқұдық ауылындағы жаңа мектепті мемлекеттік комиссия былтыр қараша айында қабылдаған. Бірақ, ауылдағы 60-қа жуық оқушы бұл жерде тек осы жылдың ақпан айынан ғана оқи бастады. Себебі қыста ғимараттың жылу жүйелері сыр берген.

Нұрбай Мырзахметов, ауыл тұрғыны:

Мектебіміздің екі насосы жарылды. Одан мектептің екінші этаждағы үш батареямыз жарылып, мектеп салқындау болды. Сынып бөлмелерге қосымша плита қойылды. Спортзал пайдаланылған жоқ қыста. Буфет пайдаланылған жоқ қыста.

Сынып бөлмелері салқын болған соң мұғалімдер тоқ пештерін қосуға мәжбүр болған. Соның өзінде жылу температурасы тиісті нормаға жетпеген.

Тәжібай Алданов, мұғалім:

Мұндағы қойылған батарейкалар стандартқа сай емес. Шаршы метрге есептегенде бұл жартысын ғана қыздыруға жетеді. Басқа бір нелерге баратын болсақ, мына трубалар майысып кеткен жерін көруге болады.

Мектептің ішінде басқа да кемшілік көп. Өрт кезінде қолданылатын су жоқ. Жарық сөнген жағдайда қажет құрылғылар да әлі жеткізілмеген.

Гүлжауһар Тәжібаева, мектеп Директоры:

Қабылдап болғаннан кейін мен құрылыс басқармасына шықтым. Бізге мына жылу оншалықты емес, опрессовка істелінбеді деп. Жыл барысында бес жылға біздің гарантийный письмомыз бар. Олар бізге ағымдағы жылда толық жөндеп береміз деп уәде берді.

Мердігердің айтуынша, жүз орындық ғимараттың құрылыс сметалық құжаттары 5 жыл бұрын жасалған. Ал тендер 2021-ші жылы ойнатылып, құрылыс былтыр басталған.

Бақытжан Жаңабаев, құрылыс компаниясының директоры:

Ол жылдар аралығында құрылыс материалдары екі есеге қымбаттап кетті. Біздің шамамыз жеткенше, қолымыздан келгенше барлығын істедік. Алайда жеткіліксіз болып қалған нелер бар, бірақ өзіміздің қаражатымыздан жаздыңкүні істеп беруге дайынбыз.

Соңғы 2 жылда аймақта осындай 17 жаңа мектепте бірқатар кемшілік анықталған. Жауапсыз мердігерлерге шара қолданылғанымен, құрылысқа бөлінген миллиардтаған қаржының басым бөлігі игеріліп қойған.

Рифат Бердалиев, облыстық құрылыс басқармасының бас маманы:

Яғни обьектіні бітіру керек болса, жұмысты бітіре алмаған келісім шарт талаптарына сәйкес тиісті деңгейде. Өндірістік кестеден қалыс қалған. Бөлінген қаржыны уақтылы игермеген. Бір сөзбен айтқанда өз міндеттемесін орындамаған. 15 мердігерге айыппұл салынған 20 млн-дай ақшаға.

Тендерді ұтқандар мен мектеп салуға тапсырыс бергендер өзара тартысып, соттасып жүргенде сапасыз құрылыстың зардабы оқушыларға тиіп тұр. Ең қиыны осы.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу