Қостанай облысындағы Тәгіл ауылында ағаштан түйін түйетін шебер тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысындағы Тәгіл ауылында ағаштан түйін түйетін шебер тұрады

04.03.2023

Ағаштан шедевр жасайтын шебер! Қостанай облысындағы Тәгіл ауылының тұрғыны Владимир Токарев ағаштан түйін түйеді. Жасаған дүниесін жәй ғана сәндік үшін де, тұтынатын бұйым ретінде де пайдалануға болады. Жұбайы да он саусағынан өнер тамған жан. Тоқыма тоқиды, күйеуі жасаған дүниелерді безендіріп, кесілген ағаштың қалдықтарынан ойыншықтар жасайды.

Владимир Токарев бірдеңе жасау үшін орман кезіп, жан-жаққа сұрау салып сапалы шикізат іздемейді. Ол аулада, көшеде жатқан кез-келген ағашты кәдеге жарата береді. Кейбіреуін күнде пешке жағатын отынның арасынан табады. Бірінің табиғи пішіні ұнайды, енді бірін әшейін текке қалмасын деп өңдейді.

Владимир Токарев, ағаш шебері:

Мысалы мынау бағандағы сымға тиіп тұрғасын электриктер кесіп тастаған көршімнің қарағашының бұтағы. Қырып, жонып, өңдеп, балауыз бен зығыр майын жаққасын мынадай жақсы бір дүниеге айналды. Тағам салуға арналған ыдыс. Әдемі, әрі өте мықты.

Осылайша хас шебер ешкімге керексіз, тіпті отынға да жарамай жатқан ағаштан көздің жауын алатын дүние жасайды. Мысалы мына тұрған жеміс-жидек салатын астауша – бір кездегі теректің шіріген түбірі. Епті қолдар оның иір-шиыр ұсқынсыз пішінінің өзінен әдемілік тапқан.

Владимирдің жұбайы Олия да жаны жайсаң адам. Тоқыманың түр-түрін біледі, бұйымдарды безендіреді, кейбіреуін өзі де жасайды.

Олия Токарева, Тәгіл ауылының тұрғыны:

Бірде ол кескен тақтайшалардан көп ұсақ бөлшектер қалды. Мен олардан кішкентай үйшіктер жасадым. Немерелеріме қатты ұнады.

Токаревтар отбасының шаруа қожалығы бар. Мал өсірумен айналысады. Табыс көзі де сол. Ал шеберлік – жан қалуы. Олардың жасаған дүниесі ауылдастарына ғана емес, күллі Сарыкөл ауданына жақсы таныс. Бұйымдардың денін сыйға береді, сатып алам дегендердің де қолын қақпайды.

Руслан Әлкеев, Сарыкөл ауданының тұрғыны:

Адамдарды өзіне баурай алатын көркем мінезді кісілер. Сондықтан адамдар бұ кісілерге үйірсек, сұқбаттасып сөйлескенді жақсы көреді. Қонақжай.

Ерлі-зайыптылар кезінде безендіруші – суретші мамандығына оқыпты. Екеуі сол оқу орнында танысып, тағдыр қосқан. Яғни оларды табыстырған да, жұп етіп жарастырған да осы өнер. Жасаған дүниелері көпшіліктің көңілінен шығып жатса, ерлі-зайыптылар үшін одан артық бақыт жоқ.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу