Рудный қаласында ауыз судың сапасы нашарлап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рудный қаласында ауыз судың сапасы нашарлап кетті

27.02.2023

Рудный қаласында ауыз судың сапасы нашарлап кетті. Соның салдарынан Қостанай облысындағы шағын шаһар тұрғындары қосымша шығындалып, тазартылған су сатып алуға мәжбүр. Мамандар бұған өңірдегі ең ірі екі су қоймасының жартылай босап қалуы себеп дейді. Яғни азайғасын балдыр басып, судың сапасы төмендеген.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бұл Қаратомар су қоймасы. Тобыл және Әйет өзендерінің қосылған тұсынан салынып, 1965-ші жылы пайдалануға берілген. Жалпы сиымдылығы 586 млн текше метр. Бірақ қазір мұнда 249 млн текше метрге жуық қана су бар. Яғни қойманың тең жартысынан астамы бос тұр.

Қазір мұндағы 7 шлюздың біреуі ғана ашық. Одан секунд сайын 3 текшеметр су ағып жатыр. Өзен жағалай егілген бау-бақшаны суару үшін жазда екпіні 6-8 текшеметрге дейін жеткізіледі. Қаратомардан жоғарыдағы Жоғарғы Тобыл қоймасының да ахуалы мәз емес. 816 млн текшметр су кететін қойма 45 пайызға ғана толып тұр.

Дәурен Әбдіхамитов, «ҚазСушар» РМК облыстық филиалының директоры:

Біраз жылдан бері су келмеді. Тасқын жоқ. 2005 жылы соңғы рет жеткілікті келді. 20 жылға жуық уақыт жоқ.

Қаратомардың суын Рудный қаласы мен Қашар кенті тұтынып отыр. Тұрғындар соңғы жылдары пәтердегі краннан ағып тұрған су мүлде ішуге жарамсыз күйге түсті дейді.

Медет Әлішев, Рудный қаласының тұрғыны:

Кранның суы ащы. Амал жоқ ішеміз. Балаларға оны беруге болмайды. Көшедегі тазартылған суды сатып әкелеміз. Оның өзі қымбаттап кетті.

Мамандар биыл да тасқын су жеткілікті деңгейде келмейді деп отыр. Мысалы Қаратомар кемеріне келіп лық толуы үшін 176 млн текшеметр су қажет. Ал болжам бойынша биыл әрі кетсе 90 млн текшеметр су келуі мүмкін. Бұлай жалғаса берсе тұрғындар тұтынатын судың сапасы нашарлай түспек.

Виктор Ионенко, Рудный қаласы әкімінің міндетін атқарушы:

Бізге ұңғыма қазу арқылы қосымша су көздерін пайдалануға дереу кірісу керек. Мұндай орын бар. Атқарылатын жұмыстың жобасын жасау 18 млн теңге тұрады. Ал ұңғыманы толық іске қосуға жарты млдр теңгеден астам қаржы қажет болуы мүмкін.

Жергілікті билік өкілдері осылайша тығырықтан шығудың жолын жерасты суларын пайдалу арқылы тапқандай болып отыр. Бірақ ұңғыманың суы жалпы қажеттіліктің тек 30-40 пайызын ғана өтейді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу