Анадолы жерінде апат болған аймақтардан 450 мыңға жуық адам эвакуацияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анадолы жерінде апат болған аймақтардан 450 мыңға жуық адам эвакуацияланды

26.02.2023

Түркия ақпан басындағы алапат жер сілкінісінен ес жия алмай жатқанда осы апта тағы бірнеше дүмпу болды. Бұған дейінгі зілзаладан қатты зардап шеккен Хатай провинциясында жұма күні магнитудасы 5-ке жеткен жер сілкінісі тіркелді. Оның алдында ақпанның 20-ы күні Сириямен шекаралас жерде магнитудасы 6,4 дүмпу болған. Осы екі зілзаланың өзінен кемі 6 адам қайтыс болып, 600-ден астам адам жарақат алған. Ал ақпанның 6-ы болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны Түркияда 43500-ден асса, Сирияда 6800-ге таяп қалған. Анадолы жерінде апат болған аймақтардан 450 мыңға жуық адам эвакуацияланды.

Түркия Әділет министрінің хабарлауынша, жер сілкінісінен кейін қирап қалған үйлердің құрылыс талаптарын бұзу фактілері бойынша 612 адам күдікке ілінген. Оның 184-і қамауға алынды. Кейбіріне іздеу жарияланған.

Түркияның 10 провинциясын жайпап кеткен мұндай зілзаланы адамзат соңғы 1 ғасырда көрген жоқ. Бұ жолғы сілкініс, Ходжелидегі 1999 жылғы болған апаттан да ауыр тиді. Сол жылы 17 мыңнан астам адамы мерт болып еді. Ал бұл жолы – қаза болғанның саны 43 мыңнан асып кетті. Мұның өзі соңғы дерек емес...

Нұрбек Бекбау, тілші:

Түркияның оңтүстік-шығысында алапат жер сілкінгенін білеміз. Біз сол зілзала ошақтарының бірі Адана шаһарына келіп жеттік. Мұнда да ондаға үй қираған, жүздеген кісі мерт болған. Дәл қазір Түркия билігі осы өңірдегі бірнеше шаһарды апатпен күрес орталықтарына айналдырды. Көріп тұрсыздар, ұшақтар сағат сайын келіп жатыр. Небір әскери күш, еріктілер, төтенше қызметкерлер әр елден келіп жатыр.

Зілзаладан Түркияның Хатай, Османия, Қахраманмараш, Антеп, Килис, Малатия, Адияман, Урфа қалалары мен шағын ауылдары зиян шекті. Мұнда жалпы саны 14 миллиондай адам тұрады. Зілзаладан келген залалдың көлемі де орасан. Алдын ала болжам бойынша, Түркияға зілзала 90 миллиард долларлық шығын келтірген. Жолай тек көргеніміз үйіндіге айналған үйлер...

Хакан Иөрүкоғлы, Хатай қаласының тұрғыны:

Ондаған қала қирады. Бүгінге дейін қаза тапқан адам саны 50 мыңнан асты. Әлі сексен-жүз мыңдай адам үйінді астында. Олар аман шығады деген үміт аз. Үйінді астынан шығарылған адамдардың арасында жетім қалған балалар көп. Ең қиыны қайтыс болған адамдарды кім екені белгісіз күйінде жерленіп жатыр. 50 мыңнан астам құрылыс қираған.

Сұмдық апат – адамзатты ес жиғызды. Қиындыққа тап болған Түркияға, әр ел шама-шарқынша көмек қолын созды. Қайғы адамзатты біріктірді. Мынау видеода: Әншейінде бітіспес жау¬дай көрінетін Иран мен Израиль құт¬қарушылары мінген ұшақтар – Га¬зиантеп әуежайында қатар тұр. Армениялық құтқарушы¬лар да суық қатынасты ұмытты. Иә. Зілзала зардабын еңсеруге әлемнің 100-ге жуық мемлекеті жәрдем етіп, 38 ел іздестіру-құтқару топтарын жіберді.

Яник Язмин, мексикалық құтқарушы:

23 адам Мексикадан келдік. Арамызда екі мед.қызымет, инженерлер, кинологтар, полиция, өзгеде кәсіби құтқарушылар болып келдік. Біз жер сілкінісінен болған қауіптің, адам өлімінің ауыр екенін өте жақсы білеміз. Басымнан да өткен. Түркия халқының трагедиясын мексикалықтар түсінеді. Өйткені, жер сілкінісінен біздің халқымыз да көп зиян шеккен.

Анадолы жұртына көмек қолын созғандардың қатарында Қазақстан да бар. Біздің құтқарушылар, Түркияға 7 ақпан ұшып шықты.

Қазақтың төтенше қызметіне Газиентеп шаһарындағы 3 учаске берілген. Жігіттеріміз келген бетте шаруаға қойып кетіп, санаулы сағаттарда 8 кісіні дін аман, қирандылар арасынан шығарып алды. 88 шейіттің тәнін туыстарына табыстады.

Дәмен Серік, құтқарушы:

Мынау жерде үлкен үй тұрған? Қанша 7 этаждық. Сондай үй тұрған. Астыңғы 3 этажы бір-біріне киіліп қалған болды. Бірінші көрініп тұрған кісіден бастадық. Ол кісі үлкен кісі екен. Келесі бөлмеден қызын алып шықтық. Былай айналып келіп, әкесімен ұлын алып шықтық.

Осы уақытқа дейін, түрік және әлем елдерінің құтқарушылары үйінділер астынан 105 мың кісіні аман шығарды.

Әли Атсыз, Қаһарман Мараш қаласының тұрғыны:

Мені 12 сағаттан соң үйіндінің астынан шығарып алды. Ауруханаға бір күн жатып шықтым. Келсем әйелімді жерлеп тастапты. Ең кішісі алты айлық еді баламның, екі қыз, бір ұлымнан да айырылдым. Балаларымның жазанасына қатыстым. Біздің үйде 150 астам тұрын болған. Қаншасы тірі қалғанын ешкім білмейді. Біз алтыншы қабатта тұрдық. Түнгі сағат төртте жер сілкінісінен ояндық та, бетонға басылып қалдық.

Аиша Туджа, Қаһарман Мараш қаласының тұрғыны:

Үйіміз теңселіп, гүрілдеп, немерелерімді құшақтап тұрлым. Үйіміз құлап, мен тірі қалдым. Келінім, немерелерім бәрінен айырылдым. Зұлмат болды. Ештеңе түсіп үлгермедік. Он күн болды, далада жылаумен отырмын.

Сейсмолог ғалымдардың арасында, апаттан кейінгі алғашқы 72 сағатты «алтын күн» деп атайды. Көп адам тірі табылатын 3 тәуліктік уақыт қой, бұл. Содан соң, 3-4 тәулік «күміс күн», 5 және 6-шы тәуліктер «қола күн», 7 және 8 күндер «қалайы күн» деп аталатын көрінеді. 9-тәуліктен кейінгі күндерде таңғажайып оқиға болып, бірен-саран адам аман қалатыны болмаса, «қара күн» деп атайды екен. Яғни, үйінді астынан адамның тірі шығу мүмкіндігі жоққа тән кезең. Дегенмен Түркияда үйінді астында 15 күн жатқан бірнеше адам құтқарылды.

Кісі шығыны неге көп? Әр тарап әртүрлі уәж айтады. Бірақ ортақ тоқтамы: Көптеген үй-жай, ғимараттарды көтергенде, қауіпсіздік ережесіне немқұрайлы қараған және жер сілкінісі адамдар шырт ұйқыда жатқан кезде болған,-деседі.

, тілші:

Мұндағы үйлердің құмнан соғылған үйшік сияқты үгітіліп түсуіне басты себепкер – міне мынадай кірпіштер. Қабырғаларының арасын өте сапасыз кірпішпен өрген. Жер сілкінген кезде осылай үгітілген де түскен. Содан едендер бір-біріне киіліп қалған. Адамдардың тірі қалмауының басты себебі де сол. Егер кірпіш сапалы болғанда, едендер бір-біріне киілмеуші еді. Және арматурасын қараңыз. Бізде білеудей болса, мұнда сымтемір сияқты. Цементі құм. Осының соңы осындай апатқа алып келді,-дейді мамандар...

Хош. Жарты айға созылған құтқару-іздеу шаралары көп қалаларда тәмамдалды. Ендігі кезек қиранды болған қалаларды сүріп тастап, тазалау. Апат аймағынан шыққан үйінді көлемі 700 стадионды толығымен толтыруға жеткілікті. Түрік билігі, қираған қалаларды 1 жылда қайтадан, жаңадан тұрғызарын мәлімдеді. Ал оған дейін, үйсіз-күйсіз қалған жұрт қонақүйлерде тұрады.

Қиын кезде Анадолы жұрты жалғыз қалған жоқ. Әлем апат алдында бірікті. Енді осы бірлік, өзара жанашырлық бейбіт уақытта да жалғассын деген тілек бар.

Нұрбек Бекбау

Хабарламаларға жазылу